Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің шыңға шыққан шынары

Шиелінің шыңға шыққан шынары


Даңқты Шиелінің гүлденуіне тынбай еңбек еткен ардақты аналардың қатарында Феруза Жүсіпова да бар. Оның бейнетке толы тағдыры том-том кітап жазуға жетерлік. Қоғам қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болған әжемнің бетіндегі әрбір әжімінен еңбекке толы жолдарды көретінмін...
Бала күні жетімдікпен өткен әжем жастық шағында немере ағасы, ақын Н.Бекежановтың тәрбиесін алады. Сол кісінің қолында жүріп, 1942 жылы педучилищені тәмамдайды. Сонымен қатар, Нүрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев сынды қазақ зиялыларын көріп, өмірге деген құлшынысы арта түседі. Оқуды бітірген соң «Күрішші», «Социалистік Еңбек», «Социалистік Шәуілдір» сынды газеттерде жұмыс жасаған. Сонымен қатар, атақты диқан, даңқты рекорд жасап, Соцалистік Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың ақ күріштің атасы атануын, «Ыбырай түбегіндегі» күрішті алқаптың жайқала өсуіне куә болған. Облыс көлемінде, аудан тарихында елеулі оқиғалар қатарына саналатын «Шиелі каналының» қалай қазылғандығы жөнінде қағаз бетіне түсірген жан. Әжемнің еңбекке деген құштарлығы, қайсарлығы өмірден өткенше үздіксіз қозғалыс үстінде жүретін еңбекқорлығы бізге үлгі болып қала бермек.
Оның ерек бейнесі, ер мінезі мен мейірімге толы жанарынан жігер көріп, бастаған істі аяқсыз қалдырмауды үйрендік. Туған жерге тамшыдай болса да өз үлесіңді тигізіп, өсіп-өркендеуіне атсалысу керектігін де Феруза әжеміздің ұстанымынан байқадық. Оның
Нартай Бекежановтың мұраларын жинап, көзінің қарашығындай сақтағаны, бүгінгі таңда сол кісінің атындағы музейде басқа экспонаттардың қатарында жарқы­рап тұруына септігі көп тиді. Тек менің емес, елдің анасы, кейінгі ұрпақтың ардақты әжесі атануы қажырлы еңбектің арқасы. Қысылтаяң заманда әйел заты болса да ер азамат істей алмайтын небір жұмыстарды еңсеріп, басқа түскен ауыртпалықты бірге көтерген абзал апалардың есімі ұлықталып, ұрпақ жадында қалып жатса ол да бір рухани жаңғырғанымыздың көрінісі емес пе?
Тарихта есімдері алтын әріптер­мен жазылып, еңбектің нағыз адамы деп ұрпаққа дәріптеуге де болады. Бұл кісілердің өмірінде сол кезеңдердегі тұрмыс-тіршіліктің көрінісі, нақ тарихтың өзі жатыр. Біздің болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін аянбай тер төгіп, түрлі жетістіктерге де жетті. Аудан орталығына барғанда мақтана да марқая да көрсететін «Даңқты азаматтар» аллеясына әжемнің де портреті қойылды. Шиелінің шынарындай шыдамды болған Феруза Жүсіпованы елі құрметтеп, абырой биігіне көтерді. Осының бәрі саналы ғұмыры мен өнегеге толы өміріндегі өлшеусіз еңбегінің жемісі.
Жанна БЕКЕЖАНОВА,
немересі.
27 наурыз 2018 ж. 2 215 0