Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз білетін Байдрахманов

Біз білетін Байдрахманов


Шежірелі Шиелінің құрылғанына биыл 90 жыл толды. Ал, осы киелі өлкеден даңқты диқан, атақты ақын-жазушы, Социалистік Еңбек Ерлері шыққаны мәлім. Жалпы, былайғы жұрт Шиеліні ақындар мен жазушылар, шайырлар мен сүлейлердің, еңбек ерлерінің елі деп таниды. Мәдениетті, өнерді, әдебиетті, ақ-адал еңбекті дәріптейтін өңір деп біледі. Айтса айтқандай-ақ Сыр бойының маржаны, келбеті мен ажары болып саналатын Шиелінің қай жағынан қарасақ та шоқтығы ерек, өзіндік орны мен салмағы да бөлек.
Шиелі тарихында құнды дүниелерімен ерекше орын алатын Қазақстан Журналис­тер және Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байдрахманұлы 1946 жылы наурыз айының 10 жұлдызында Шиелі ауданы, қазіргі Досбол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1964 жылы бүгінгі Ы.Жақаев ауылында №2 өндірістік бригадасында күріш сушысы болудан бастаған. Еңбекке белсене араласқан жас Дәулетбектің білімге, оқып үйренуге құштарлығы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата университетінің филология факультетіне түсуіне ықпал етіп, 1969 жылы оқу ордасын тәмамдайды. Ол өлең-жыр жазумен ғана шектелмей спортты да жанына серік етеді. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп еркін күрестен «КСРО спорт шебері» атағын иеленді. Осылайша, ақын әрі спортшы ретінде де танылды.
Сонымен қатар, қазақстандық миллиард­қа үлес қосу мақсатында комбайн штурвалына отырып, 250 центнер астық бастырып, қомақты үлес қосқаны үшін Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Осы жылдары Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ұйымдасқан ақындар айтысына қатысып, бас бәйгені иеленеді. Ы.Жақаев атындағы «Мамандығым – мақтанышым» атты облысаралық ақындар айтысында тағы да бағы жанып, Ыбырай ақсақалдың қолынан бас жүлдені алады. Дәулетбек Байдрахманов көп жылдар бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Одан кейін 16 жыл бойы Алмалы ауылының әкімі, 2003 жылдан бері «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыройлы атқарады.
Жерлесіміз Д.Байдрахманұлының тұңғыш өлеңдер жинағы «Гүлім болсын ұсынған» 1988 жылы басылып шыққан. Ақынның қаламынан туған «Жүректегі жауһарлар» (2001), «Отан деп соққан жүректер» (2006), «Алдаспан» (2007), «Жырдастан» (2008), «Шиелі жұлдыздары» (2009) сияқты жыр жинақтары оқырман қауым мен сыншылардан лайықты бағасын алған. Сондай-ақ, оқырманға ақынның «Қайсар қыз» (1971), «Топ жарған» (1985) поэмалары кеңінен таныс. Бұл поэманың бірі – Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспанбетова жайлы болса, екіншісі – Жалағаш ауданының білікті диқан қызы Айнаш Балғабаеваның еңбек жолын дәріптейді. Осындай еңбектерінің бірі – «Сүрмерген» атты поэмасы. Онда Ленинград шайқасына бастан-аяқ қатысып, 172 жауды жусатып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен мерген жерлесі Дүйсенбай Шыныбековты бейнелейді. Соңғы кітаптары «Елінің ері» (2010), «Елін сүйген Әбдіманап» (2011) атты очерк-естеліктерін Бақыт Сарбалаұлымен бірігіп жазған.
Ақын, журналист, жазушы Дәулетбек Байдрахманұлы осыдан 7 жыл бұрын 19 қыркүйек күні дүниеден озған болатын. Сыр елінің құнарлы топырағынан нәр алып, жыр болып өркен жайған, талантымен талайды тамсантып, әрбір жүректе өлең болып өмір сүрген ақын-жазушының биыл 72 жылдық мерейтойы екенін де еске салып, ол жайлы естеліктер айтып, оның өнегемен өрілген өмірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Н.Пірімбет.
07 наурыз 2018 ж. 2 488 0