ШИЕЛІ – 90
Атақты күрішші болып, еңбекпен көзін ашқан Ұлбала Алтайбаева 1923 жылы Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1930 жылы мектеп қабырғасына қабылданып, 1938 жылы комсомол қатарына өткен. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ағасы Күнбайдан қалған 20 гектар жерін қабылдап, күрішке сушы болған. Комсомол жастар звеносының жетекшілігіне, соғыс жылдарында колхозда басқарма мүшелігіне сайланады. 1945 жылы мамырда коммунистік партия қатарына қабылданған. Жақаевшылар қозғалысының бел ортасында жүріп Сыр өңірі қыз-келіншектерінің қарапайым кетпеншілігін, егіншіліктің күрделі агротехникалық күтіп-баптау тәсілдеріне дейін меңгере білді. 1948 жылы өгіз соқамен жыртылған танапқа алғаш күріш дәнін сепкелі бері оның өмірі осы дақылмен біте қайнасты. Қолдан атыз салып, белуардан су кеше жүріп тыңайтқышты қолдан септі. Алғашқы жылы әр гектардан 30-35 центнерден өнім алса, ол кезең үшін үлкен көрсеткіш еді.
1970 жылы күріштің әр гектарынан 87 ц., 1971 жылы 73 ц., 1973 жылы 107 ц. өнім алған болатын. Кеңес өкіметі қажырлы еңбегін ескеріп, 1973 жылы СССР Жоғарғы Советінің Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағын, «Ленин» орденін берген.
«Адал еңбек етсең, алдыңнан ақ жол ашылар, ел-жұрттың алдында еңсең биік болса, қалғанының бәрін Алла өзі жеткізер» – дейді дана халқымыз. Ел алғысына бөленген ардақты анамыз Еңбек Ері, әрі Батыр ана – Ұлбала Алтайбаева осындай сөзге лайық жан еді.
Дайындаған А.Байдаулетова.