Алғаусыз алғыс айтамыз
Еліміз 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ хандары мен батырлары, билері мен шешендері қазақ тарихының әр белесінде ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналып, тарихта есімдері қалған. Талай жаугершілікті бастан кешіріп, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды.
Керей мен Жәнібек хандар, Қасым хан мен Хақназар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді. Абылай мен Әбілқайырдай хандардың дипломаттық қарым-қабілеттері ел тарихында айшықталды. Ал, қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары, Қарасай мен Сұраншы, Райымбек пен Сатай, Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билердің қазақ елі үшін, болашақ ұрпақ үшін жасаған ерлік істері өз алдына бір төбе. Бертін келе ұлт азаттығы үшін күрескен Исатай, Махамбет, Сырым, Амангелді сынды ақберендердің есімдері айрықша жарқырап көрінеді. Сондықтан, осы аттары аталған айтулы батырлардың ел тағдырындағы тарихи орны мен олар жасаған ерлік жорықтарының мәні мен маңызы да бірнеше ғасырлар бойында ел жадынан бір сәтке де ұмыт қалған емес.
Ал, 1941-1945 жылардағы Ұлы Отан соғысы бірлік жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзатты қорғап ерекше ерлік көрсеткен 100-ге тарта Кеңес Одағының Батыры атағын алған қаһармандар мен өзге де Отандастарымыз қасық қаны қалғанша шайқасты.
Желтоқсанның ызғарлы желі жүздерін қарығанымен, ұлтына деген, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдері жүректерін сақтаған Ербол, Қайрат, Ләзат, Сәбира сынды ер жүрек ұл-қыздардың ерлік ісімен Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Мұнан соң Қазақ елінің жаңа мыңжылдықтағы ұлы көшін бастаған Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен тәуелсіздік жылдары еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына еніп, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасы «Қазақстан-2050» және Ұлт жоспарында көрсетілгендей, қазіргі таңда тұғыры ешқашан шайқалмайтын қуатты мемлекет – «Мәңгілік Елді» құру жолында еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде алдына өршіл мақсат қойып отыр.
Сөзімізді одан әрі жалғасақ, Шиелі ұлтымыз ұлағат тұтатын көптеген азаматтың кіндік қаны тамған жері, ер жетіп, есейген мекені. Осы мекеннің гүлденуі мен дамуында да қолтаңбасы өшпейтін елеулі есімдерді ұмыт қалдырғанымыз жарамас, сірә.
Атап айтқанда, Шиелі ауданынан кезінде 41 Еңбек Ері шыққан. Бес ғасыр адамы М.Шоқай, Ы.Жақаев, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев есімді тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақындардың осы өлкеден шығуы да жүректерде мақтаныш сезімдерді оятады.
Оның ішінде екі мәрте Еңбек Ері атанған даңқты диқан Ыбырай Жақаев күріштен мол өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасағаны дүйім жұртқа мәлім. Шиеліліктер алты Алаштың ардақтысы атанған осы есімдермен мақтанады, марқаяды. Ерен еңбектерін жастар үлгі етеді.
Міне, біздер, бейбіт елдің ұландары, осынау жолда елім, жерім деп қара қазан мен сары баланың қамы үшін ауыздықпен су ішіп, етігімен су кеше жүріп, сыйлаған бақ мұратымыз үшін осы есімдерге мәңгілік қарыздармыз. Аталған есімдер алдында бас иіп, алғыс айту – біздің парызымыз.
Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратыны белгілі. Сондай-ақ, жасаған амалының алғысын алып, еңбегінің зая кетпегенін біліп, бір марқайғысы келетіні анық. Алғыс айту – татулықтың, ауызбіршіліктің бір көрінісі. Сол себепті, 1 наурыз – Алғыс айту күні жанымызға жақын жандарға алғысымызды білдіруді ұмытпайық.
Дина
ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.