Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » арбаға соқа жегілді, алқапқа тұқым себілді

арбаға соқа жегілді, алқапқа тұқым себілді

Көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық бас­талды. Бұл – күзде орғанын кәдеге жарататын егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Қашанда қазақтың жүрегі ауылда. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде, қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені мағлұм. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, жер-анадан берекелі өнім жинай білген Жаңатұрмыстағы «Байсын» шаруа қожалығы биылда табыс қазанын қайната түспек.
Көктем келісімен дала төсін еңбек дүбірі кернеп, диқандар үшін қауырт науқан жүріп жатыр. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Берекелі іске кіріскен «Байсын» шаруа қожалығы егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыруды мықтап қолға алған. Ең алғаш егін жұмысын 2011 жылы бастаған шаруа қожалықтың төрағасы Аятжан Есжанов бұрынғы ит тұмсығы батпайтын ну тоғайды егіс алқабына айналдырған еңбекқор адам. Сол жылдары ол жалғыз трактормен аумақты тазалап, тыңнан түрен салды. Біраз уақыт тұралап қалған шаруашылықтың жұмысын қайта жандандырды. Ең бірінші 10 гектар жерге егін егуден басталған жұмыстың көлемі қазір 1000 гектар жерге дейін ұлғайды. Дала жұмысына білек сыбана кіріскен диқандар қазіргі кезде 1000 гектардың 300 гектарына егін егіп, суға бастырып қойды. Сонымен қатар жаздық бидай егуді де қолға алуда. Көктемгі қарбалас тіршіліктің тағы бір көрінісі жоңышқаға түскен алғашқы орым болды. Бүгінде қожалықтың қарқынды жұмысымен 30 адам айналысады. Бүкіл әлемді шарпыған пандемияның салдары бұл саланың жұмысына да кедергісін келтірмей тұрмады. Ауылдағы жұмыссыз қалған жандардың барлығын дерлік жұмыспен қамтуға тырысып жатқандығын да айтты төраға.
– Есімізді шығарған жаман аурумен ел болып күресудеміз. Дәйім еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Төтенше жағдай жарияланғандықтан егінге қажетті техниканың қосалқы бөлшектерін алу қиындық тудырып отыр. Автобөлшектер сататын орындар да, жол да жабық. Бүгінгі таңда облыстан алдыруға мәжбүр болып отырмыз. Аудандағы осы қызмет түрін қосуға рұқсат берілсе – деді А.Тәшімұлы. Иә, темір тұлпар бұзылмай тұрмайды. Дегенмен, шаруашылықта бұрынғыдай техниканың жоқтығы сезілмейді. Шаруа қожалық басшысы жұмысқа қажетті техникаларды лизинг арқылы сатып алуда. Мәселен, 2015 жылы «МакДон», одан кейін екі «Лида», 2018 жылы «Доиц» аталатын техниканы, өткен жылы «Класс» комбаины сатып алынған. Қазір 30-ға жуық техника дала төсіндегі еңбекті еңсеруде. Әрқайсының өзіне тән жұмысы бар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «елде енгізілген төтенше жағдай режимінен диқандар еш зардап шекпеулері тиіс» деген болатын. Нақтырақ айтар болсақ, сүдігер жыртылып, алқапқа түрен түсіп, көктемгі егіс жұмыстарына тер төгіп, еңбек ететін шаруа қожалықтар үшін жанар-жағар май бағасын 165 теңге деп бекітіп берді.
Қорыта айтсақ, диқанның белі бүгілді. Арбаға соқа жегілді. Алғашқы дән егілді. Алқапқа тұқым себілді. Тамшылап тер төгілді. Қызу жұмыс, тынымсыз тірлік көрінді. Білек сыбанып кірісті, алмаққа мол жиын-терінді деп еңбек майданындағы қарбалас тірлікті суреттеп жеткізсек, еселі еңбектің өлшемін оқырмандар да сезінер. Қыстың қамын ойлаған еңбеккерлердің бір күні міне осындай.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

28 сәуір 2020 ж. 877 0