Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Байсында береке бар

Байсында береке бар

Жылды қорытындылап, өз-өзіне есеп беру жазылмаған заңдылық іспетті. Мейлі жеке тұлға болсын, мекеме болсын күнтізбеден 12 ай жылжып өткенде жеткен жетістіктерін тізбектейді. Сәйкесінше үздіктерді марапаттап, ерен еңбек пен төккен тердің қайтарымын көреді. Осы секілді жыл қорытындылау кеші Байсын шаруа қожалығында да болды.
Аталған шаруа қожалық Шиелідегі ең жас қожалықтың қатарында. Алайда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жатқан ұжымның алған асулары аз емес. Оның ең маңыздысы – шаруашылықтың жыл сайын 1000 гектар жерден өнім алуы. Бүгінде «Байсын» шаруа қожалығында 25 адам жұмыс істейді. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Бірақ әрқайсысы өз ісінің шебері атанып үлгерген. Жыл соңында осындай шеберлерді шаруа қожалықтың төрағасы Аятжан Есжанов марапаттады. Осылайша талай жыл жер төсінен талғажау айырып жүрген азаматтардың мерейін үстем етті.
Жылды қорытындылау кешінде ауылдың үлкенді-кішілі тұрғыны тегіс жиналды. Жаңа жылдық көңіл күймен жүрген тұрғындар ән салып, би биледі. Тіпті «Байсын» шаруа қожалығының қолдауымен жаңа жылдық сыйлық та иеленді. Ал шаруа қожалықтың қызметкерлері марапат төрінен көрінді.
Мереке қарсаңында Шиелі индустриалды-аграрлы колледжін тәмамдап, екі жылдан бері шаруашылықтың етжеңді ісімен айналысып келе жатқан жас маман Мұратхан Бәкіртаев пен алты жылдан бері «Класс» комбаинын тізгендеп жүрген Дәурен Шорабаевқа жеңіл көліктің кілті табыс етілді. Ал А.Оразбеков, Е.Тұрсекеев, А.Есжанов және басқа да жұмысшылар жаңа жылдың уағында теледидар иеленді. Мереке күні өзге де қызметкерлер қалыс қалмады. Ұ.Дінисламов пен Б.Шертаев кір машинамен марапатталса, Е.Ербаев, А.Оразбек, Б.Бердібаев қысқатолқынды пештің иегері атанды.
Ақ күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаевтың ізбасарлары еңбектен еш қол үзген емес. Міне, жыл соңында алажаздай атыз аралап, маңдайы күнге күйіп, табаны құмға тиген еңбеккерлер абырой биігіне шықты. Бұл иен даланы игеріп, молшылық майданына айналдырған диқандардың соңғы жетістігі емесіне кәміл сенімдіміз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2019 ж. 752 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930