Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек майталмандары еленген күн

Еңбек майталмандары еленген күн

Күн санап керегесін кеңге жайып, салтанатты сәулетімен де, әлеуметтік-экономикалық, өзге де салаларының дамуымен де көрген көз, естіген құлақты тамсандыратын Сыр өңірінің жеткен жетістіктері аз емес. Ал облыстың осындай жетістіктерге жетуіне ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор. Ендеше көгілдір көктемнен сарала күзге дейін бел шешпей еңбек етіп, тер төгетін еңбекшілер қауымының ескерілуі заңдылық. Сәрсенбі күні Ақмая ауылдық клубында еңбек майталмандарын марапаттау кеші өтті. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров ашып, ауыл тұрғындары мен еңбек озаттарын марапаттады.

Шараның шымылдығын жас ақын Ш.Құдайбергенов арнау өлеңімен ашып берді. Одан әрі аудандық мәслихаттың депутаты, Ақмая шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков жыл басынан бері атқарған жұмыстар легімен таныстырды.
«Ақмая ауылы «Авангард» күріш совхозымен танымал. Мұқым елге белгілі, тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де, ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда. Биылғы жылы ақмаялық диқандар 1414 гектар жерге күріш дақылын егіп, одан 50 центнерден жоғары өнім келтірді. Ал бидай 330 гектар жер аумағына егіліп, 20 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ жоңышқа 805 гектар жерді алса, одан 22 мың орам шөп әзірленді», – деді ол.
Соңғы жылдары шаруашылықтың өрісі кеңейіп, әлеуеті еселеп артып келеді. Нәтижесінде ауыл халқына қажетті шаруаның басым бөлігі шаруашылық есебінен іске асырылуда. Биылғы жылдың ең үлкен екі жобасы ретінде ауылға тартылғалы жатқан газ құбыры мен күріш ақтау зауытын айтуға болады. Иә, ақмаялықтар көгілдір отынның қызығын алғашқылардың бірі болып сезінбек. Бұл өзге ауылдардағыдай мемлекет бюджетінен емес, «Ақмая» шаруа қожалығының өз қаржысы есебінен іске асатын жұмыс. Бүгінгі таңда жоба сметалық құжаттары дайын. Ендігі кезекте кент ішінен ауылға қарай 15 шақырым жерге газ құбырын тартып, тұрғындардың игілігіне ұсынбақ. Ақмаялықтар газ құбырын жүргізуге өзге ауылдар секілді кезегін күтсе, әлі де біраз уақыт көмір жаға тұруға тура келетін еді. Бірақ шаруашылық директоры Дәулет Жұмбеков ебін тауып, біршама уақыттан соң көгілдір отынды ауыл ішіне кіргізбек. Бұл үшін шаруашылық есебінен миллиондаған қаржы да қаралып қойған. Шаруашылық төрағасы осылайша елдің ықыласына бөленіп отыр.
Ал мұндағы екінші ірі жоба – күріш ақтау зауыты. Дәл қазір зауыттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылыс аяқталса аудандағы ең үлкен күріш ақтау зауыты осы болмақ. Бұл зауыт күніне 60 тонна күріш ақтайды. Бір ерекшелігі – күріш лазерлі машина арқылы тазаланады. Ол күрішті аппақ әрі тап-таза етеді. Масақтары мен қоқыстары да лазер сәулесі арқылы сұрыпталады. Бұл бір жағынан малға жемазық болса, екінші жағынан күріштің өзімізге толық жетуіне мүмкіндік береді. Құрылғылар толығымен соңғы үлгідегі стандартқа сай орналастырылады.
Ақмаядағы шаруа қожалығы жыл сайын алтын дәнді егіп, оны халық игіліне жұмсағаннан бөлек қайырымдылық шаралармен де айналысады. Әрі ауыл тұрғындарына бақша өнімдерін егу үшін жер телімін беріп, мерзімінде үйді-үйге жоңышқа, күріш таратылады. Бұдан бөлек, жыл басында аталған қожалықта «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасы іске қосылған болатын. Шаруа қожалықтың төрағасы Дәулет Жұмбековтың айтуынша, жоба аясында шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына ­цифрландыру жүргізіліп, алынған деректер өңделген. «Осы деректер негізінде алқаптың электронды картасы жасалып, топырақ үлгілері негізінде топырақтың агрохимиялық картограммалары әзірленді. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникасының GPS-мониторингін енгізу үшін техникалық шешім ұсынылып, «Ақмая» шаруашылығында кең спектрлы сенсорлармен қамтылған «Deere» және «Class» заманауи техникасының мүмкіндіктері толығымен пайдаланып жатыр», – деді қожалық төрағасы. Айта кетейік, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген ­«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ауыл шаруашылығы саласында облыс бойынша алғашқы болып Ақмая шаруа қожалығы қолға алып отыр.
Дала қосындағы бейнетке толы тірліктің нәтижесі қорытындыланған салтанатты шарада Ақмая шаруа қожалығының еңбеккерлері марапат биігінен көрінді. 160-қа тарта адам жұмыс істейтін шаруа қожалықтың бірлігі мығым. Қамбаны дәнге толтыру үшін аянбай еңбек еткен диқаншылар қауымы, яғни жүргізуші-механизаторлар мен звено жетекшілері, сушыларға 40 мың мен 500 мың арасында қаржылай сыйақы беріп, сертификат табыстады. Г.Пак, А.Құлымбет, А.Абдраманов, Б.Күлтупов, Б.Сандыбаевқа Жаңақорған ауданындағы шипажайға жолдама берді. Сонымен қатар аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподағының басшысы Ж.Алиев республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Елеулі еңбегі үшін» медалін Б.Шегебаев, Ж.Сәрсенбайұлы, Т.Әлтаев, Б.Күлтупов, Б.Орынбаев, Ж.Жұмбековтың кеудесіне тақты. Еңбекке етін өлтіріп, жомарт жерден ризығын жиып, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген бригадир Е.Сұлтанов, механизатор Б.Сандыбаев, звено жетекшісі А.Қыдырбаев, А.Құлымбетовке аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Ұзақ жылдар бойы осы қожалықта жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан Б.Исаев пен О.Кемеловаға қаржылай сыйақы беріп, бейнеттің зейнетін көруді тіледі. Шара соңында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов диқандарды марапатымен құттықтап, ауыл тұрғындары атынан шаруа қожалықтың төрағасы Д.Жұмбековке шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
фото Ерлан ЖҰМАҒҰЛОВ


19 желтоқсан 2019 ж. 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031