Ақмаяда 200 қарияға құрмет көрсетілді
Бүгін Ақмая ауылында Қарттар күніне орай "Қариясын құрметтеген ел ардақты" атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Тұрмағамбет Жағыпбаров ашып, қарияларды мерекемен құттықтады. Одан соң ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағамбетов, ауыл әкімі ЖАрқын Арсыланов, "Ақмая" шаруа қожалығының директоры Дәулет Жұмбеков, әйелдер кеңесінің төрайымы Раушан Нұрымбетқожаева, №49 мектептің директоры Марал Ахметовтер сөз алып, ауылдың шырайын келтіріп, ауызбіршілігін арттырып отырған ақылгөй қарияларға ыстық лебіздерін білдірді.
Шара барысында мектеп директоры білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан 20-ға жуық қарияға сый-сияпат көрсетті. Одан соң биыл мерейлі жасқа толып отырған ауылдағы бес қарияны "Ақмая" шаруа қожалығының басшысы құттықтап, шаруашылық атынан сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, елді мекендегі 200-ге жуық қарияның шаңырағына ақ күріштен сый тартылды. Шара ауыл өнерпаздарының думанды кешімен жалғасты.
Онан соң жиналған қариялар түгелдей "Авангард" салтанат сарайынан дәм татып, мерекенің көркін қыздыра түсті.
"Өскен өңір" ақпарат