Диқаны ерлеген, биікке өрлеген
Биыл – еліміз үшін ерекше тарихи, мерейлі белестер жылы. Сарыарқа төсіне орын тепкен Астана қаласының 20, «Алаштың анасы атанған» – Қызылорда қаласының 200, шежірелі Шиелі ауданының 90 жылдығымен қатар қазығын кәріс ұлты қадаған Ақмая ауылының 80 жылдық мерейтойы. Ғасырға жуық тарихы бар ауылдың сенбі күні Ким Ман Сам атындағы клуб үйінде «Жұлдызы жарқыраған Ақмая» атты мерекелік кеш өтті. Шараға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, мәслихат хатшысы Б.Сыздықов, мәжіліс депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен ауыл әкімдері қатысты.
Көктем шыға кетпенін асынып, ризығын жерден іздейтін ақмаялықтардың негізгі күн көрісі егіншілік. Кәріс, орыс ұлтымен қоян-қолтық араласып, күріш егудің қыр-сырын жетік меңгергенін 16 Социалистік Еңбек Ерінің шығуынан-ақ аңғаруға болады. Ақ, қара, қоңыр деп бөлінбей, бірлігін бекем сақтаған ауыл тұрғындары 80 жылдығымен қатар, Еңбек Ері Ким Ман Самның 135 жылдығын атап өтті. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы алғы сөзінде алғашқы боп сандық жүйе негізінде «Ақылды ферма» жобасы осында қолға алынып жатқандығын тілге тиек етті. Күн санап ажары артып, келбеті келіскен ауылдың гүлденуіне «Ақмая» шаруа қожалығының директоры, жомарт жан Д.Жұмбековтың да өлшеусіз еңбегі бар. Айтулы шара барысында аудан басшысы қамбаны алтын дәнге толтырған диқандар Құрманбай Рахым, Нұрбол Байжановтың кеудесіне республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен «Елеулі еңбегі үшін» агроөнеркәсіп төсбелгісін қадады. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен мөл өнім жинаған үздік комбайнер Құрманбай Рахым мен үздік звеновод Пак Герасимге жеңіл автокөліктің кілтін ұстатты. Ал, Бегдос Есмұратовқа 450 мың теңге ақшалай сыйлық табыстады. Ала жаздай төккен тердің нәсібін көрген еңбеккерлердің 4-іне «Жаңақорған шипажайына» жолдама берсе, 50-ге тарта диқанды 30-190 мың теңге аралығында сыйақымен марапаттады. Айта кетейік, ағымдағы жылы 1420 гектар жерге күріш егілсе, оның әр гектарынан 71 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар, 300 гектар жерге бидай, 70 гектар жерге мақсары егіліп, әрқайсысынан 20-10 центнерден өнім алып, Ақмаяның қамбасын қызылға толтырды.
Мерейлі шараның мерейін үстем еткен ақмаялық ақын Қатира Жаленова туған жерге ат басын бұрып, халқына ыстық лебізін білдірсе, ақынның өлеңін Р.Ағайдар орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Одан әрі «Ақмая» шаруа қожалығының ардагері Асқар Уадилов марапат иелерін құттықтап, табысқа жетуге тілектестігін жеткізсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов туған жердің тарихына тоқталды. Еңбектің қазанында қайнап, маңдайын күнге күйдірген азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі, қадір-қасиеті мерекелік шара барысында ән мен жырға арқау болды. Жас ақын М.Ибрагимов ауылға арнау айтып, әжелер ансамблі әннен шашу шашты.
Г.ДҮЙСЕБАЙ, Г.ЯХИЯЕВА.