Ақмаяда 200 қарияға құрмет көрсетілді
«Қарты бар ел қазыналы» деп білетін қазақ қашанда үлкендерді құрметтеуден жалықпаған. Көпті көрген, аузы дуалы ел ағалары мен ақ жаулықтыларының батасын, алғысын алмай жолға шықпаған. Қазақ халқындағы тектіліктің үлгісіндей осы қасиет әлі күнге жалғасын тауып келеді. Мұны қазан айының алғашқы күнінде тойланған қарттар күні қарсаңында тағы бір дәлелдедік. Сондай сый-құрметтің бірі Ақмая ауылында орын алды
Қарттар күніне орай ақмаялықтар «Қариясын құрметтеген ел ардақты» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Тұрмағамбет Жағыпбаров ашып, қарияларды мерекемен құттықтады. Одан соң ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағамбетов, ауыл әкімі Жарқын Арсыланов, «Ақмая» шаруа қожалығының директоры Дәулет Жұмбеков, әйелдер кеңесінің төрайымы Раушан Нұрымбетқожаева, №49 мектептің директоры Марал Ахметовтер сөз алып, ауылдың шырайын келтіріп, ауызбіршілігін арттырып отырған ақылгөй қарияларға ыстық лебіздерін білдірді.
Шара барысында мектеп директоры білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан 20-ға жуық қарияға сый-сияпат көрсетті. Одан соң биыл мерейлі жасқа толып отырған ауылдағы бес қартты «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы құттықтап, шаруашылық атынан сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, елді мекендегі 200-ге жуық қарияның шаңырағына ақ күріштен сый тартылды. Шара ауыл өнерпаздарының думанды кешімен жалғасты.
Онан соң жиналған қариялар түгелдей «Авангард» салтанат сарайынан дәм татып, мерекенің көркін қыздыра түсті.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ