Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті

Шиелі ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті

Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партиялық бақылау инспекторы Алтынбек Жарылқасыновтың қатысуымен Шиелі ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиынға сондай-ақ аймақтық кеңес мүшелері, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Каримов, қос ауданның салалық бөлімдерінің басшылары мен жауапты өкілдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде Мемлекет басшысы Жолдауынан туындайтын міндеттер, «AMANAT» партиясының 2023-2027 ж.ж. «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 ж.ж. арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында Шиелі және Жаңақорған аудандары әкімдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде атқарған жұмыстары қаралып, талқыланды.
Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев: Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екендігін атап өтті. Осыған орай қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуы тиістігін алға тартты. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады – деп атап көрсетті. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты жергілікті жерде заң мен тәртіп қағидасын сақтау, жемқорлық пен сыбайластық фактілерін болдырмау үшін қандай шаралар жасалып жатыр осы бағыттағы жұмыстармен танысу екендігін жеткізді.
Жиында алдымен Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов хабарлама жасады. Ол есепті кезеңде ауданда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық іс-әрекет орын алмағандығын тілге тиек етіп, осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарды жеткізді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасы және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша бүгінгі таңда
24 жеке консультациялық көмектер берілді. Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 3 отырысы өтіп, онда 6 мәселе қаралды. Сонымен қатар, жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сай 2025 жылға арналған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізу кестесі бекітіліп, қорытындысымен мекеменің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді зерделеу барысында 14 тәуекел анықталды. Нәтижелері әкімдіктің ресми сайтына және «Битрикс 24» ақпараттық жүйесіне орналастырылды», -дейді Бақтияр Ахметов.
Аудан әкімінің орынбасары тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында да түрлі әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын жеткізді.
«Бұл жобалар аясында жыл көлемінде барлығы 30 іс-шара өткізу жоспарланған, бүгінгі күнге дейін 21 іс-шара сапалы ұйымдастырылды. Әрбір шарада ашық пікір алмасуға және тікелей түсіндіру жұмыстарына басымдық берілді. Жыл басынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс» тақырыбында 11 мемлекеттік қызметкер біліктілігін арттырды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданда жүргізілген сауалнама қорытындысымен «Сіз аудандағы сыбайлас жемқорлық деңгейін қалай бағалайсыз?» - деген сауалға тұрғындардың 23 %-ы «Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен» - десе, 35 %-ы «Сыбайлас жемқорлық мүлде жоқ» екендігін көрсетті. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға аса мән беріліп, нақты іс шаралар қабылданатын болады», - деді Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов.
Шиелі ауданына келсек, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта өзекті мәселелер тұрақты түрде қаралып келеді. Халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында аудан бойынша барлық мекемелерде «Оpen space» форматы қолданысқа енгізілген. Аудандық «Өскен Өңір» газетіне тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдардың және құқық қорғау органдарының «Сенім» телефон нөмірлері мен жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестелері жариялануда. Барлық мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарына арналған пошта жәшігі орнатылған. Атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Каримов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының қорытындысын айтты.
«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес, аудан әкімінің тапсырмасымен барлық дербес бөлімдердің қызметтеріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде жыл басынан аудан әкімі аппараты мен 9 дербес бөлімге ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, 16 тәуекелдер анықталып, тиісті жұмыстар жасалды».
Жиында кеңес мүшелерімен күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, маңызды ұсыныстар ортаға салынды.
Өз кезегінде сөз алған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова өткен жылы қос ауданда да білім салаларында орын алған жемқорлық фактілерін тілге тиек етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін әрбір сала бойынша ішкі талдау жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі қос ауданда 10 мыңға жуық партия мүшесі бар. Алайда олардың басым бөлігі білім саласының өкілдері екенін ескерсек, бұл салада жемқорлық немесе сыбайластық фактілері болуы өте ұят. Сондықтан алдағы уақыттарда аталған сала бойынша теріс қылықтар болмауы қажет», - деді Ләйлә Төрешова.
Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жергілікті атқарушы органдардың, республикалық Кеңестің, басқа да тиісті мекемелердің назарына ұсынылатын болды.
16 қазан 2025 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031