Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Байсынның байыпты тірлігі

Байсынның байыпты тірлігі

Хакім Абайдың бесінші қара сөзінде «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дегені бар. Осы өміршең өсиетті ұран етіп, жер төсінен талай жыл талғажау айырып жүрген азаматтар ауданда аз емес. Біз оған «Байсын» шаруа қожалығына барғанда көз жеткіздік. Сәрсенбінің сәтті күні газет тілшілері берекелі Байсын елді мекеніне атбасын бұрған болатын. Онда шаруалардың ширақ жұмысымен танысып, «Байсынның» бүгінгі хал-ахуалын бағамдап қайттық.
Шиелідегі шаруашылықтардың ең жасы саналатын қожалыққа келгенде әуелі қаз-қатар тізілген техникаға көзіміз түсті. Комбаин мен тракторларды механизаторлар өңдеуден өткізіп, орақ науқанына дайынд­ауда. Ал анадайда дәнекерлеуші ақауы шыққан комбаинның қосалқы бөлшегін иінге келтіру үшін өз ісіне білек сыбана кірісіп кеткен. Түскі асқа біраз уақыт бар болса да, аспаз ас әзірлеуді әлдеқашан бастағаны байқалады. Шаруа қожалықтың төрағасы келгенше айналаның қызу тірлігіне көз салумен болдық. Содан кейін №2 бригаданың бригадирі ­Батырхан­ ­Шертаев бізді егін алқабына апарды. Мұнда «дала кемесі» атанған комбаин соңына жал-жал күріш дестелерін тастай, алқапты айналсоқтап жүр. «Класс» аталатын жаңа озық техника күріштің қалыңдығынан немесе жерге жабыса жата қалғанынан сескенбейді. Бір қалыппен егін жинау науқанының бәсін қыздырады. Комбаин тізгіндеушісіне күрішшілер де көмек беруде. Олар құрал-сайманымен күрішті жұқалап жайып, оруға ыңғайлы етіп қоюда. Бір-бірімен жіпсіз байланысып жатқан жұмыс біздің көзімізге ынтымағы жарасқан, ұйымшыл ұжымның тірлігіндей көрінді. Комбаиншылар мен күрішшілер көліктерін тізгіндеп, келесі егіс алқабына аттанды. Ал біз жұмысшылар ауқаттанатын жерге қайта келдік. Осы тұста «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аятжан ­Есжанов та жұмыс орнынан табылды. Ол қызметкерлермен емен-жарқын амандасып, айналадағы техникаға бір зер салды да, бізді шаруашылықтың жай-күйімен таныстырды. Әңгімеге кіріспес бұрын аз-кем ойланып тұрып, иен далаға көз салды. Сосын: «Біздің ауылда ұзақ жылдар ешқандай шаруашылық болмады. Айналаның барлығына жиде өсіп, техниканың тапшылығы сезілді. Мені ол кезде мектепте шаруашылық бөлімнің меңгерушісі едім. Бір күні сол кездегі ауыл әкімі Ислам Монтаев ауыл шаруашылық жұмысын маған тапсырды. Оның сөзінен ауылға деген жанашырлықты байқадым. Содан кейін егін шаруашылығымен айналысуды қолға алдым. Алғашқы кезде жердің құжаттары дұрыс болмады. Бірнеше рет жер инспекциясынан сөгіс алдық. Соттасқан кезіміз де жоқ емес. Ақыры не керек, 2011 жылы алғаш егінді ектік» – деп өткен жылдарды есіне алды.
Иә, бүгінде күріші жайқалған егіс алқабы бұрын ит тұмсығы батпайтын ну тоғай болған. Сол жылдары Аятжан Тәшімұлы жалғыз трактормен аумақты тазалап, тыңнан түрен салды. Біраз уақыт тұралап қалған шаруашылықтың жұмысын қайта жандандырды. Ең бірінші 10 гектар жерге егін егуден басталған жұмыстың көлемі қазір 1000 гектар жерге дейін жеткен. Бүгінде қожалықтың қарқынды жұмысымен 25 адам айналысады. Шаруашылықта бұрынғыдай техниканың жоқтығы сезілмейді. Төраға жұмысқа қажетті техникаларды лизинг барқылы сатып алған.
– 2015 жылы «МакДон», одан кейін екі «Лида», 2018 жылы «Доиц» аталатын техниканы, биыл «Класс» комбаинын сатып алдық. Сондай-ақ экскаваторды да іске қостық. Қазір 30-ға жуық техника бар. Әрқайсының өзіне тән жұмысы жеткілікті. Алдағы уақытта әлі де жинақтаймыз. Егін көлемі ұлғайған сайын, көліктердің қажеттілігі де туындай береді, – дейді қожалықтың басшысы.
Егін шаруашылығымен айналысатындар үшін су маңызды рөл атқарады. Ырыс артық, егін бітік шығуы үшін тіршілік көзінің қаншалықты қажет екені бәрімізге мәлім. Елімізде кейбір егін алқаптары су тапшылығын сезініп, мол өнім бермей жатқанында көріп жүрміз. Ал «Байсын» шаруашылығында бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан. Өйткені, мамандар экскаватор арқылы жерді қазып, суды өздігінен келетіндей етіп жасаған. Осының барлығы істің көзін тауып, жер анадан нәсібін теруге ниеттенген Аятжан Есжановтың ұшан-теңіз еңбегі.
Биыл «Байсын» диқандары 550 гектар жерге «Лидер» сортты күрішін еккен. Оның қазір 50 пайызын орып алған. Сонымен қатар диқандар 4-5 жылдан бері тамшылатып суару әдісін пайдаланып келеді. Ол көбінесе бау-бақша өнімдерін суғаруда қолданылады. Жаңа технологияның қыр-сырын игерген диқандар жыл сайын 13 гектар жерді осындай тәсілмен суғарады. Өнген өнімді Шиелі халқына ғана емес, өзге өңірлерге де сатылымға шығарады.
«Байсын» шаруа қожалығында байқаған тағы бір ерекшелігіміз – жұмысшылардың жас айырмашылығы. Мұнда жиырмаға енді жеткендері де, орда бұзар отыздан әлі аспағандары да бар екен. Мәселен механизатор Мұратхан Бәкіртаев жиырмадағы жігіт. Оның еңбек майданында жүргеніне екі жыл болған. Жұмысқа жаңа кіріссе де, техника тізгіндеп, оны жөндеудің қыр-сырын игеріп алған. Ал Ұланбек Дінисламов бүгінде отыз жаста. Қожалықтағы жалғыз дәнекерлеуші. Аудандағы индустриалды-аграрлы колледжін тәмамдап, осы қызметке кіріскен. 5 жылға жуық қожалықтағы жұмыстан нәпақасын тауып жүр. Қазіргі уақытта техника таңдамай кез-келген көлікті жөндей алады. Ұжымда төрағаның ұлдары Алмас пен Елдос Есжановтар да еңбек етеді. Олар әкесінің жүрген жолымен жүріп, ізін жалғастыруда.
Шаруашылықта адал еңбек және тиянақты тірлікпен айналысып жүрген жандардың бірі – Фарида Байтуғанова. Ол 1982 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Байсын ауылына келін атанғалы 20 жылдың жүзі болған. Бүгінде бес баланың анасы. Фарида үш жылдан бері қожалықтағы қазанға жауапты. Еңбек адамдарына ас ұсынып, шайын дайындау оның міндеті. Жұмысшыларға үш мезгіл тамақ әзірлеп, қолы қалт еткенде айналаның тазалығын қамтамасыз етеді. Үйде де, түзде де бір шаруамен айналысатын Ф.Еркінқызы қызметіне қабақ шытпайтынын, керісінше дән риза екенін айтады.
– Жұмыс барысында жүргенде қызметкерлердің көңілінен шығуға тырысамын. Кейде үйдің асын сағынғанда мал сойып, ет асып, бауырсақ пісіреміз. Дастарқанды уақытылы дайындауға тырысамын. Жұмысшылардың барлығы физикалық күшті көп жұмсайтын болғандықтан асты мол жасаймын. Күнделікті уақытым от басы, ошақ қасында өтеді. Кейде сырттан келген кісілер де дәм ауыз тиіп кетеді. Сол кезде ықыласын, ыстық лебізін айтады. Осындағы қызметкерлер де рақметін айтып «Он саусағыңыздан бал тамған», «Тамағыңыз тіл үйіреді» деп пікір білдіреді, – дейді аспаз.
Соңғы жылдары шаруашылықтың өрісі кеңейіп, әлеуеті еселеп артып келеді. Соның арқасында «Байсын» қожалығы егінмен ғана емес, мал басын көбейтумен де айналысады. Мемлекеттен берген мол мүмкіндікті пайдалана отырып, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 2012 жылы ферма жұмысын қолға алған. Қазір қорада ет бағытындағы 60 бас ірі қара бар. Ет өнімін қожалық аудандағы комбинаттарға өткізеді. Қожалықта егілген жоңышқа малдарға жем ретінде жұмсалады. Аятжан Тәшімұлы: «Алдағы уақытта мал бордақылау жұмыстарын қолға аламыз. Біз жұмысты енді бастағандықтан етті аудан көлемінде ғана тасымалдаймыз. Болашақта «Байсынның» өнімдері де шекара асады деген сенімдеміз», – дейді.
Ақ күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаевтың ізбасарлары еңбектен еш қол үзген емес. Оның бір дәлелі – мақалаға арқау болған «Байсын» шаруа қожалығы. Бұл әрине алажаздай атыз аралап, маңдайы күнге күйіп, табаны құмға тиген еңбеккерлердің арқасы. Құрылғанына 8 жыл болған «Байсын» қожалығының байыпты тірлігі тоқтаусыз жалғасуда . Келер күнге құрған жоспарлары да жоқ емес. Ендеше, иен даланы игеріп, молшылық майданына айналдырған диқандарға қырман тасысын, еңбектеріңіз жана берсін дейміз!


Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
28 қыркүйек 2019 ж. 1 888 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930