Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРГЕН АЛАДЫ, ЕККЕН ОРАДЫ

БЕРГЕН АЛАДЫ, ЕККЕН ОРАДЫ


Дәл қазір аграрлы аймақ саналатын Шиелі ауданында тіршілік қызып тұр. Диқандар ми қайнатар аптап ыстыққа қарамастан алқаптағы дақылын күтіп-баптауды бір сәтке де тоқтатпақ емес. Өйткені, мақсат айқын – маңдай термен еккен еңбектен өнімді мол алып, ысырап қылмай қамбаға құю. Мұның артында тек өздерінің ғана емес, бүкіл ауыл, қала берсе аудан мен облыстың абыройы жатқанын да диқаншы қауым жақсы біледі.

Біз де Сыр салысы қамбаға құйылғанша әр ауылдағы ірі шаруа қожалыққа арнайы барып, таң атқаннан қас қараяр сәтке дейін дала төсінде жүрген диқандарды өз көзімізбен көріп, көргенімізді қағазға түсіріп қайтуды міндетімізге баладық. Оның бірнешеуі бұған дейін әріптестердің мақалаларына арқау болып та үлгерді. Ендігі кезек – ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев атындағы ауылдың диқандарында. Мұнда кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар аясында мемлекет берген мол мүмкіндікті пайдаланып, несібесін Жер Анадан теріп жүрген ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары жетерлік. Иә, күрішті даңқты диқанның ауылдастары екпегенде кім ексін дейсіз ғой?!
Жұмыс аптасының алғашқы күнінде әдеттегідей редакцияға емес, егін алқабына қарай тарттық. Бағытымыз – «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығы. Жолдың кедір-бұдыры азайған соң ба, бұрынғыдай емес, діттеген жерімізге әп-сәтте жетіп алдық. Барсақ шаруа қожалықтың иесі Асқар Бердібаевтың өзі егінжайды аралап жүр екен. Іздегенге – сұраған. Амандық-саулық сұрасқан соң әңгіме ауаны басты тақырыпқа қарай ауыс­ты. Жұртшылық «Алтын дән – Шиеліні» жыл са­йын күріштен мол өнім алып, ауыл шаруашылық саласына айтарлықтай үлес қосып жүрген шаруашылықтың бірі ретінде таниды. Әңгіме барысында білгеніміздей, биыл көктем шыға алтын дәннің «Лидер», «Янтарь» сұрыптары 1000 гектар алқапқа себілген. Шаруашылық жетекшісі Асқар Бердібаев:
– Өткен жылы 900 гектарға күріш еккен болатынбыз. Биыл көлемі 100 гектарға артып отыр. Одан бөлек 230 га жерге ескі жоңышқа егілді. Қазір оның екінші орымы басталып кетті. Жылдағы есеппен салыстырғанда биыл дақыл бітік шығады деп болжап отырмыз, – дейді.
Ең алғаш 2002 жылы небәрі 100 га жерге күріш егіп бастаған «Алтын дән –Шиелі» шаруа қожалығында жыл сайын жұмыс күші жетіліп, ауқымы да кеңейіп келеді. Алғашқы да 5 адам болып жұмыс бастаған ұжымда қазір 50-ге жуық диқан еңбек етуде. Мұндағы техникалар да жаңартылған. Өткен жылы шаруашылыққа 3 комбайн жаңадан алынса, биыл 2 су жаңа трактор мен 1 эксковатор жұмысты өндіріп жасауға септігін тигізіп жатыр.
Пайдалана білгенге қара жердің берер ырысы мол. Әрине, бел бүгіп, тер төгіп еңбек етсең ғана. Бұл – диқан Асқар Айтөреұлының бала кезден түйгені. Сондықтан болар ол қиындығына қарамастан жоғары оқу орнын бітірісімен еш ойланбастан қолына кетпенін алып, еңбекке ерте араласты. Себебі әкесі де саналы ғұмырын егін даласында өткізіп, ел ықыласына бөленген жан еді.
– Бастапқыда ешбір техника да, қаржы да болмады. Тек жалындаған жастық жігер мен нақты мақсатым ғана бар еді. Оңай жерде нан жоқ қой. Алғашқы кезде қиналғанымыз рас. Несиеге бес көлік алдық. Кейіннен ақша жинап, қажетті техниканы да, егіс алқабында ұлғайттық, – дейді диқан.
Тынымсыз еңбек пен басқарушылық қабілетінің арқасында Асқар 2006 жылы ауылдағы кіші шаруа қожалықтарын біріктіреді. Бұл уақытта егіс көлемі 200 гектарға жеткен еді. Бүгінде «Алтын дән – Шиелі» күрішпен қатар мал шаруашылығымен айналысуды да жолға қойған. Осыдан үш жыл бұрын алған 50 жылқысы қазір 200 басқа көбейіп отыр.
– Мемлекет берген мүмкіндік пен қолдауды барынша пайдаланған дұрыс қой. Жуырда ірі қара малды да алмақшымыз. Ата кәсіптің қай түрі болмасын еткен еңбегің еселеніп жемісін береді. Ал еңбектің наны қашанда тәтті болады, – дейді А.Айтөреұлы.
Мұнымен қоса кәсіпкер Сыр салысына орақ түскенше қуаттылығы тәулігіне 60 тонна дақылды ақтауға жететін күріш ақтау зауытын іске қоспақшы. Иә, ерінбей еңбек етіп, жұмыстың ебін тапқан жанға еріксіз сүйсінесің. Кәсіпкерлерге мемлекеттің түрлі бағытта мол мүмкіндік беруі де қабілетті жандардың тынысын аша түскендей. Сөзсіз кейіпкеріміздің тірлігі еңбек еткеннің еңсесі биік, мерейі үстем болатынының тағы бір дәлелі.

Гүлхан ЯХИЯ
16 шілде 2019 ж. 1 355 0