Аудан үздік атанды
ЖЫЛДАҒЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР БОЙЫНША СЫР БОЙЫНЫҢ ДИқАНДАРЫ АЙМАҚ ТӨРІНДЕ БАС ҚОСЫП, ЖЫЛ БОЙЫ ЕТКЕН ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІН ТОЙЛАДЫ. ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІНЕН БАСТАУ АЛҒАН «АЛТЫН ДӘН-2018» МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫНДА, ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ ӘР АУДАННЫҢ ЕРЕКШЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК, КӨКӨНІС-БАҚША, ОТЫН-ШӨП СИЯҚТЫ АСА ҚАЖЕТТІ ТАУАРЛАРЫН АРЗАН БАҒАДА САТЫП АЛДЫ. МАҢДАЙ ТЕРМЕН ӨРІЛГЕН ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСТІ ТОЙЫНА ШАРУАЛАР 1500 ТОННАҒА ЖУЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН – КӨКӨНІС, БАҚША ЖӘНЕ СҮТ ӨНІМДЕРІН, БАЛЫҚ, СОНДАЙ-АҚ, ҚОЙ МЕН ЕШКІ ӘКЕЛДІ.
Сенбі күні Сыр елінде өткен күзгі салтанатта жәрмеңке алаңы әсем әнмен әрленіп, түрлі спорттық ойындармен түрлене түсті. Одан әрі, мерекелік шара Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жалғасын тапты. Сыр маржаны – күллі Сыр өңірінің келбетін таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас. Сыр күріші отандық ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі көзі екені белгілі. Биыл облыс бойынша 184, 5 мың гектар жерге өнім егіліп, бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде, Сыр елі үшін негізгі дақыл күріштен барлығы 473 422 тонна өнім жиналды. Облыстың биылғы жылды табысты аяқтауына, бірқатар ауқымды жұмыстардың жүзеге асырылуына барша еңбеккерлердің, диқандар мен механизаторлардың үлесі зор. Күміс күріштен тау тұрғызып, қамбаны астыққа толтырған егін даласының батырларына құрмет көрсетіліп, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен озаттарын марапаттау сәті де өтті.
Мерекелік шараны облыс басшысы Қ.Көшербаев ашып, шаруаларға «Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасаған қамқорлығының арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд. теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбектерінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды», – деп, жылы лебізін білдірді. Егін даласында еңбегімен еленіп, Сыр анасы атанған, Еңбек Ері, даңқты күрішші Сәлима Жұмабековаға аймақ басшысы Қ.Көшербаев жаңа үйдің кілтін табыс етіп, егіс алқабындағы еңбеккерлердің мерейін үстем етті.
Шаруасы жайқалып, үздік шыққан Шиелі
Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Мәуелі күз міне, осы қанатты қағиданың биыл берекесін танытты. «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген Ыбырай Жақаевтың дана сөзін басшылыққа алып, су тапшылығына қарамастан істің қиюын келтірген шаруалардың еңбегі еселенді. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12 млрд. 500 млн. теңгеге жетіп қазына қоржынын қомақтыландырып отыр. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы саласындағы жетістіктер де 100 пайыздан асты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін межеден асыра жинап, облыстан «Үздік аудан» атану барша шиеліліктер үшін сүйіншілейтін жаңалық. Егіншілердің жаз бойы төккен маңдай терлерінің өтемі қоңырқай күзде қайтты. “Күздің әр күні жылға азық” екенін күні-түні көз ілмей егістік алқапта еңбек етіп жүрген егіншілер жақсы біледі. Сыр елінің басты дақылы, дала төсі дүбірінің көрігіне айналған ақ күрішпен қалай мақтансақ та жарасады. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауымның ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуі ең бірінші еңбек ерлерінің ауызбіршілігі мен еңбекқорлығын байқатады. Оған дәлел – еңбек мерекесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Әшірбеков» шаруа қожалығының төрағасы Бағлан Әшірбековтың марапатталуы. Сонымен қатар, марапат төрінен «Құрмет грамотасымен» «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев көрінсе, Нартай Рыспанбетов «Озат картоп өсіруші» номинациясын иеленді.
Берекелі «Алтын күз» қарсаңында Шиелі ауданы Ы.Жақаев көшесінде орналасқан «Еңбек аллеясы» қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Шиелі ауданы өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының «Сұлу Сырдың төрінде, ән тербеткен Шиелім» атты мерекелік ән шашуы жалғасын тапты.
Гүлнәр Дүйсебай.