Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақшаның бабын тапқан

Бақшаның бабын тапқан



«Адамды жер мен тер асырайды» дейді дана халқымыз. Әрбір адам жерге тер төксе екен, сол жерден бұйырған ырысын өндіріп, нәпақасын терсе екен деген ой ғой бұл. Осы орайда, ұлы Абай атамыздың «... әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген өміршең өсиеті де ойға оралады.
Оқымаса да жер жағдайын бір кісідей білетін «оқымаған агрономдар» Жер-Ананың қадір-қасиетін бағалайтын жандар бар арамызда. Ерте көктемнен бас­тап қолына құрал-сайманын алып, жап жағалап, арық аралап жүретін егіншілердің еңбегі өлшеусіз.
Сондай өз еңбегіне сенген жандардың қатарынан Байсын ауылының тумасы Алтынбек Тұрғанбаевты да көруге болады. Соңғы жылдары көкөніс өсіріп, олжасын еселеп жүрген отбасылардың санатында десек, артық айтқандық емес. Сол адал еңбек еленбей қалмады. Иә, бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Өткен 2017 жылдың қорытындысымен «Озат көкөніс өсіруші» аталымына ие болып, аудан әкімінің дипломын иемденген болатын. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың да алғыс хатымен марапатталған диқанның ел байлығын еселеу жолындағы еңбегі кімге де болса үлгі.
Қыстың аяғын ала бере шаруасына отбасымен кірісіп кететін Алтынбек Әбілқайырұлының тірлігінен хабар алу үшін арнайы атбасын бұруды жөн көрдік. Әдетінше, балаларымен ауласындағы екі жерде орналастырылған жылыжайда егілген көкөністерінің ортасында жүр. Ағаш жәшіктерге егілген көкөніс көшеттері жап-жасыл болып, көтеріліп-ақ қалыпты.
– Мұның барлығы оңай іс емес. Дегенмен, диқан тер төксе, жер қайтара­ды еңбекті. Қызым, сен сол еңбектің «көшіру» кезіне куә болып отырсың. Тұқымды бір жерге отырғызып, сол жерден өнімді ала салмаймыз. Алдымен, жәшіктердегі жылытылған топырақ­қа егеміз. Сол шық­қан жасыл желекті қағаздан жасалған шағын стакан іспетті ыдысына көшіреміз. Содан кейін ғана егістік даласына жол тартады көшеттер, – дейді дала еңбеккері. Биылғы көктемнің суығында жылыжай іші бір сәтке суы­мапты. Көкөніске қажетті жылылық бірқалыпты сақталған. Дегенмен, суықта алаңдамас үшін жылыжайға түнеген күндер аз болмағанға ұқсайды. Уақытылы суару, тыңайытқыш беру секілді көзге көрінбейтін, күтіп-баптау тіршілігінің аз емес екенін айтты көкөніс бабын тапқан баптаушы.
Өткен жылы 18 мың көшетті осылай жетілдіріп, оның 13 мыңын өзі отырғыз­ған екен. Ал, қалғанын ауыл тұрғындары сатып алыпты. Осыншама түпті отбасымен бірлесе жүріп екі күнде егетін көрінеді. Содан кейін ғана даладағы жұмыс қарқын алады екен.
Арыға бармай-ақ, өткен жылғы өнім көлемін сұрағанымызда байыпты қалпынан таймаған диқан 80 тоннадан аса қызанақ пен 35-40 тонна қарбыз өткізгендігін баяндап берді. Қызанақты 1,5 гектардан аса жерге ал, қарбызды 75 соттық жерге еккендігін білдік. Нәтижесінде, еңбеккердің отбасылық қаржысы 2,7-3 миллион теңгені құрапты. Міне, еңбектің жануы, маңдай тердің өтеуі.
Ауылда жұмыс жоқтың қасы деп бір үйде бірнеше адам қол қусырып жүргенде, үйінің маңындағы жерді арамшөп басып жатады. Кежегесі кейін тартып, ыждаhаттылығы жетіспей жататын ауылдағы ағайындарға нағыз табыстың үлгісі осы болар. Осындай аздаған жерге сәл уақыт еңбегін салып, жұмыс жасаса, бір үйлі жанның көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысын толық өтейтіні ақиқат. Оған тағы таза өнімнің денсаулыққа тиімділігін қосыңыз. Тіпті, сол жер қайтарған нәсібінің арқасында жағдайын жақсартып, көштен қалмай, қатарға қосылғандарды да көріп жүрміз. Оған жоғарыда біз тілге тиек еткен отбасы айнымас мысал бола алады. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген аталарымыздан қалған сүбелі сөз бар. Қолымызды қимылдатып, жерге тер төгіп көрейікші, сонда аузымыздың қимылдайтыны анық. Егер оған мойынсұнбасақ, қарнымыздың ашқаны ашқан, қадіріміздің қашқаны қашқан. «Жер емген ел жүдемейді» дейді. Егемен еліміз барда, қойны құт жеріміз барда, жүдегеніміз жарамас.

Дина ЖҮСІПОВА.
11 сәуір 2018 ж. 1 077 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930