КӨРШІНІҢ ЕСІГІН ҚАҚҚАН КҮН
Сенбі-жексенбі күнгі демалыста өзіме кішкентай міндет қойдым, бір күн бойы көршілерімнің есігін қағып, хал сұрау. Қазіргідей қарбалас заманда «көршіңнің есігін қағу» – ұсақ дүние сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ кейде сол бір есік қағу – бір адамның көңілін жылытып, өміріне сәуле түсіретін сәт екенін ұмытып бара жатқан сияқтымыз.Таңертеңгі сағат тоғыз шамасында бірінші болып есік қақтым. Нұрия әже – біздің көшенің «тірі шежіресі». Тоқсанға таяп қалған, жүзі мейірімге толы кісі. – Бұрын есік қақпай-ақ кіріп келетін едіңдер ғой, қазір бәрі телефонмен ғана сөйлеседі, – деп күліп қарсы алды. Әже мен шай үстінде біраз сыр шертістік. Ол кісі баяғы көршілік достықты, «асар» дәстүрін, адамдар арасындағы шынайы араласуды сағына айтты. – Бір көршім ауырып қалса, бәріміз жиналып, ас әзірлеп алып баратынбыз. Қазір кім ауырып жатқанын да білмейміз, – деді күрсініп. Нұрия әженің сөзінде мұң ғана емес, сағыныш пен үміт те бар еді. – Жастар амандасып, бір-біріне көңіл бөлсе болды, бәрі түзеледі, – деп шығарып салды. Келесі көршім – Айдос пен Әйгерім. Екеуі де жас мұғалім, екі баланы тәрбиелеп отыр. Есікті қағып едім, таңдана қарап, «Сіз бе? Жай келдіңіз бе, әлде бірдеңе болды ма?» деді таңырқаған күйде. Мен күліп, «жай хал сұрай келдім» дегенімде, олар да жайланып қалды. Біраздан соң дастархан жайылып, әңгіме қызып кетті. Айдос былай деді: – Күнделікті өмірде адамдар бір-біріне жылы сөз айтуға да уақыт таппайды. Ал шын мәнінде көршілік – баланың тәрбиесі үшін де маңызды. Бала үлкендердің араласқанын көрсе, соны өмірге үлгі етеді. Ал Әйгерім болса: – Біздің көшеде бұрынғыдай «шайға шақыру» сирек. Бірақ биыл көршілермен ортақ аула тазалау ұйымдастырдық. Содан бері бәріміз жақын бола бастадық, – деді. Жас отбасының өмірінен жаңа заманның жылы мысалы байқалды. Олар дәстүрді ұмытып емес, жаңаша жалғастырып келеді. Көшенің соңындағы ескі үйде екі қыз пәтер жалдап тұрады. Сол жаққа да атбасын бұрайын дедім. – «Кіріңіз, апай!» деп қуанып қарсы алды. Екеуіде сұлулық салонында жұмыс істейді. Ауылдары алыс болғандықтан, кенттен пәтер жалдап, өз нәпақаларын тауып жүр. – «Көрші үйлермен араласасыздар ма?» деген сұрағыма қыздар бір-біріне қарап күлді. – «Көбіне онлайн байланысамыз. Бірақ қарсы үйдегі апай бізге бауырсақ пісіріп беріп тұрады. Сол кісіні өз анамыздай көреміз» дейді. Бұл жауап мені ерекше қуантты. Жастар да көршілік жылуын іздейді, тек оған мүмкіндік пен бастама керек екенін аңғардым. Бір күн ішінде үш есікті қақтым, үш түрлі өмір көрдім. Бірақ бәрінде ортақ бір нәрсе бар – жақындыққа деген сағыныш. Адамдар өзара амандасқысы, сөйлескісі келеді, тек соны бастауға бір сылтау жетпейді. Көршінің есігін қағу – жай ғана әрекет емес. Бұл – рухани байланыс орнату. Біз қоғамды жақсартқымыз келсе, үлкен реформа күтудің қажеті жоқ. Бір есік қағып, бір амандық сұрасақ та – мейірім көбейеді. Көршінің есігін қаққан күн – қарапайым бір күн. Бірақ адамгершіліктің үлкен сабағы. Кешкісін үйіме оралғанда, мен де өзгеше бір жеңілдік сезіндім. Бүгінгі сапар мені бұрынғы көршілік жылулыққа қайта оралтқандай болды. Көршіге бас сұғып, хал сұрау – көп уақыт алмайды, бірақ бір жанның көңілін көтереді. Мүмкін, ертең сіздің есігіңізді де біреу қаққысы келіп тұрған болар. Тек есік ашық болсын!
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







