Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АИТВ-дан сақтану – әркімнің өз қолында

АИТВ-дан сақтану – әркімнің өз қолында

Бүгінде АИТВ жұқпасы мен ЖИТС туралы ақпарат көп айтылғанымен, бұл дертке шалдыққандар саны азаймай отыр. Мамандар мұның басты себебін халықтың немқұрайлы көзқарасымен байланыстырады. Көпшілік әлі күнге дейін «АИТВ тек есірткі қолданушылар мен жеңіл жүрісті адамдар арасында ғана таралады» деген қате пікірден арыла алмай келеді. Алайда статистика керісінше жағдайды көрсетеді. Өйткені қауіп тобына жататын жандар сақтану жолдарын жақсы біледі, ал қарапайым адамдар қауіптің алдын алуға жеткілікті мән бере бермейді.
АИТВ инфекциясынан сақтанудың ең тиімді жолы – жауапкершілікпен өмір сүру. Ең алдымен, кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болған жөн. Сондай-ақ бөтен адамның шприцін, ұстарасын және жеке гигиена заттарын пайдалануға болмайды. Татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасатқанда қолданылатын құралдардың міндетті түрде залалсыздандырылғанына назар аудару қажет. Тіс емдету кезінде де медициналық құралдардың тазалығына мән берген дұрыс.
Мамандар АИТВ инфекциясы күнделікті тұрмыста жұқпайтынын ескертеді. Яғни қол алысып амандасқанда, құшақтасқанда, ортақ ыдыс-аяқ қолданғанда, моншаға, бассейнге бірге барғанда немесе жөтеліп-түшкіргенде бұл дерт таралмайды.
Қазіргі таңда АИТВ-ның алдын алу бағытында арнайы орталықтар халыққа тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Мұнда кеңес беру, жасырын тестілеу және зертханалық тексерулер жүргізіледі. Әр адам өз еркімен қан тапсырып, денсаулық жағдайын тексере алады.
Денсаулық – адам өміріндегі ең үлкен байлық. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болып, отбасы құндылығын сақтай білген жан өзін де, жақындарын да АИТВ инфекциясынан қорғай алады.

Д.Баймұрзаева,
АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы
Шиелі филиалының аяжаны
29 мамыр 2026 ж. 79 0