Аспазшы Қызылгүл
«Әлемнің әміршісі – еңбек». Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Газетіміздің бүгінгі санында өзінің маңдай терімен нанын тауып, адал еңбегінің арқасында көпшіліктің ризашылығына бөленіп жүрген анамыз туралы сөз етпекшіміз.
Шаруашылықпен қырық жыл өмірі сабақтас Қызылгүл Қадырова бүгінде Төңкерістегі «Қаптағай-К» шаруа қожалығында аспазшы болып қызмет атқарады.
Ас – адамның арқауы дегендей, аспаз болып отыз жылдан аса қызмет атқарып жүрген Қызылгүл апамыздың пісірген тамағын қожалық қызметкерлері жоғары бағалайды.
– Бұл шаруашылықта негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Жалпы еркектер дәмді тамақты ұнатады. Олардың тәбетін ашатын, көңілдерінен шығатын тамақ дайындау оңай емес. Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. 1984 жылдан бастап осы ұжымда жұмыс жасадым. Алғашқы кездері түрлі жұмыстарға араласып, мынау ер-азаматтардың, мынау әйелдердің жұмысы деп бөлмедік. Қара жұмысты да жасадық. Кейіннен 1995 жылы аспазшысы болып қабылдандым. Аспазшы болу жеңіл жұмыс емес. Әр тамақтың жасалу тәсілі бар демекші, тамақ пісірген кезде басқа жұмысты ұмытып, өз жұмысына берілуі керек. Бір мезетте 35-40 адамға тамақ дайындап, олардың алдына ыстық тандыр нанын қойып, шайларын ұсынып отырамыз. Егін науқаны кезінде жұмысшыларға екі мезгіл тамақ жасаймыз. Механизаторлар, күріш орушылар түнімен жұмыс жасайтын кездер болады. Сол кезде оларға кешкі тамақтарын да береміз. Далаға тандыр нан жабамыз, – дейді тәжірибелі аспаз Қызылгүл Қадырова.
Біз әңгімеге арқау еткен кейіпкеріміз Қ.Қадырова бесаспап аспаз ғана емес, өз білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын тәжірибелі тәлімгер. Набира есімді көмекшісі екеуі аталған қожалықтың еңбекшілеріне түскі және кешкі асын уақытылы дайындап, қолдарынан келгенін жасайтынын өз көзімізбен көрдік. Қазақтың «әйел – қырық шырақты» деген сөзінің текке айтылмағанына көз жеткіздік десек те болады. Тірлік пен отбасынан бөлек, әйелдің нәзік болмысына артылған ана, абыройлы жар атауын қатар алып жүрген біздің Қызылгүл апамыз өз отының ғана емес, бүкіл бір ауылдың көзқуанышы болып жүре беруіне тілектестік білдірдік.
Айнұр
НАЗАРОВА.