Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ТІЛ МАМАНЫ

ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ТІЛ МАМАНЫ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі жобаларының бірі –«Аға сеньорлар» деп аталатыны мәлім.
Бизнесті дамытуға ықпал ететін оқулардың негізгі бөлшегі болып саналатын бұл жоба шеңберінде тіл білетін шетелдік мамандарды тартып, азаматтарға тіл үйрену тетіктерін жетілдіріледі.
Сырдария ауданындағы жеке кәсіпкер А.Әбдуова аталған жоба туралы толық ақпаратқа қол жеткізіп, аудандық филиал тарапына сұраныс жасайды. Өз ке¬зегінде палата қызметкерлерімен байланысып, Тереңөзек кенті орталығында орналасқан «Бақ Нұр бөбек» балабақшасына Түркиядан тіл маманын шақыртады.
Бұған дейін Ақтөбе, Орал қалаларында болған шетелдік маман Қызылгүл Валибакова Қызылордағы келуге асыққанын жасырмады. Өйткені, әркез балалармен жұмыс жасауға дағдыланған педагог үшін ауыл жеткіншектерін оқыту тың идеяларға жетелеп, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңеймек.
Сонымен қатар, балабақша жасынан тіл меңгерту арқылы келешек өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бар күш-жігерін салады. Сабақ барысы тек ағылшын тілінде жүргізіліп, сан алуан методикалық шеберлік тетіктері қарастырылған.
Заманауи әдістерді қолданған маман балалардың ағылшын тілінде еркін сөйлесуіне мүмкіндік туғызады. Балабақша тәрбиешілеріне де озық әдістемелердің жиынтығын меңгертіп, жаңа үлгідегі стандартты білім мазмұнын игеруге жол ашады.
Қызылгүл ханымның сабағына қатысқанымызда бүлдіршіндер маманмен еркін сөйлесіп, сұқбаттасқанының куәсі болдық. Бала қабілетін ашатын ойындар мен тапсырмалар барлық жағдайда қызықты. Жобаның қысқа мерзімге лайықталғаны Қызылгүлге кедергі келтірмеді. Өзі жоспарлаған білім мазмұнын екі топ тәрбиеленушілеріне үйретуге тырысты.
Негізінен Қызылгүл Валибакова алты тілді жетік меңгерген. Жергілікті тұрғындармен тіл табысып, халықпен тығыз байланыс орнатуға тырысқаны көрініп тұрды.
Сондай-ақ, Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлерін аралаған тіл маманы ерекше әсерімен бөлісті. Алдағы уақытта жоба аясы кеңейіп, қайта шақырту түскен жағдайда келуге дайын екендігін жеткізді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ,
Сырдария ауданы
07 шілде 2018 ж. 824 0