Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін береді

Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін береді


Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі аталған саланы жан-жақты дамытуға тың серпін береді. Өйткені заң жобасын әзірлеу жұмыстарына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тікелей атсалысты. Бизнесті қайта реттеп жетілдіруге арналған заңдағы жаңашылдықтардың бірі – алдын ала бақылаудың енгізілуі. Енді кәсіпкерлер бірден жазаға тартылмайды, оларға алдымен құқықбұзушылықты болдырмау туралы нұсқау беріледі. Заңға сәйкес мемлекеттік органдардың 544 бақылау және қадағалау функциясының 108-і жойылып, 30 мыңнан астам талаптың жартысынан көбі қысқартылды. Мұнда кәсіпкерлердің талап-тілектері ескерілгенін айта кету керек. Ол өз кезегінде бизнестің қарқынды дамуына септігін тигізеді. Диас Бейсенбек, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы: – Соңғы уақыттағы өзгерістер одан ары өңірлік бизнес ахуалдың жақсаруына, сонымен бірге алдағы уақытта кәсіпкерлер үшін әлеуметтік бағдарламалар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларына, сонымен бірге өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Заңға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес тексеру өткізу мен жоспардан тыс тексерулердің мерзімі 30 күннен 15-10 күнге дейін қысқартылды. Жалпы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау шаралары бойынша тексерулер 30 пайызға кеміді. Ол 2020 жылға қарай тағы 10 пайызға азаяды. Эльмира Хакимова, кәсіпкер: – Бұған дейін тексеру біте салысымен жаза тағайындайтын. Енді жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді түзетуге уақыт беретін болды. Әрине, бұл өзгертулер кәсіпкерлік нысандары үшін өте тиімді. Ал тексерулердің азаюы бизнестің ашықтығын қамтамасыз етеді. «Сол арқылы елімізде кәсіпкерліктің түрлі салалары жан-жақты дамып, бизнестің жауапкершілігі арта түсетін болады», – дейді жергілікті кәсіпкерлер.

24.kz
27 мамыр 2018 ж. 759 0