КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ЖЕТІЛДІРІЛМЕК
Елбасының биылғы Жолдауын орындау барысында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің «Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру: төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы заңнаманың маңызды новеллалары» атты кеңейтілген отырысы өтті.
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен өткен жиында Парламент Мәжілісінде талқыланып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Шараға Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен бейне-байланыс режимінде өңірлерден кәсіпкерлер қатысты.
Баяндама оқыған Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлікті жетілдіру мақсатында 13 кодекс пен 100 заңға барлығы мыңға жуық түзетулер енгізілетінін айтты. «Бизнес шығындарын қайта реттеу және азайту, әкімшілік тосқауылдарды жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, заң мынадай бағыттар бойынша әзірленген: мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, ақпараттық құралдарды реттеу, табиғи монополия субъектілері мен квазимемлекеттік секторы көрсетілетін міндетті қызметтерді реформалау, реттеушілік әсерді талдауды жетілдіру, бизнес шығындарын тұтастай азайту, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды айқындау және алып тастау, баға мен тарифтік келісімдерді айқындау және Doing Business бизнес рейтингісінде Қазақстаның позициясын жақсарту» дейді Серік Жұманғарин.
Қазіргі кезде Дүниежүзілік банк есебінше, Doing Business – 2018 бойынша Қазақстан былтырғыға қарағанда бір сатыға төмендеп, 36 орынға түскен.
Алдағы уақытта Кәсіпкерлік кодексі мен салалық заңдарға мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау бойынша «кемшілікті анықтау және жаза қолдану» саясатынан «алдын алу және ескерту жасауға» көшу туралы өзгерістер енгізілмек. Реформалаудан кейін субъектілерді тексеру жұмыстары, яғни тәуекелдерді бағалау жүйесі және жоспардан тыс тексерулер 30 күннен 10-15 күнге дейін қысқармақ.
− Мемлекеттік органдардың қызметкерлері профилактикалық бақылау аясында бизнес нысандарын тексеруге шығу кезінде кемшіліктерді жоюы қажеттігі туралы ақпараттық ескерту шығарады, ал үлкен кемшіліктер жасалса, жоспардан тыс тексеруге құқылы. Бұл кезекте субъектілер, ескертулер орындалғаны туралы ақпарат берулері тиіс. Бұл бизнес ортада дұрыс жүйе қалыптастырмақ деген ойдамыз, − дейді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ шара барысында ауыл шаруашылығы кооперативін құру кезінде туындап отырған мәселелер, жұмысқа қабылдарда мамандар біліктілігінің төмен болуы, кадр біліктілігін арттыруға қатысты түйткілдер қозғалды.
Шара қорытындысында қатысушылар Ұлттық экономика, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, «Азаматтарға арналған үкімет» МК-ға, жергілікті атқарушы органдарға және «Атамекен» ҰКП-на аталған заң қабылданғаннан кейін жаңа өзгерістер туралы тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндірілсін деген ұсыным жасап, бірқатар тапсырмалар берді.
Нұрай РАХЫМ