Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС

АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды.Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге жаңа серпін, жаңа бағыт бергендей. Елдегі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығының жұмысы қарқын алып, түрлі жобалар қолға алынды. Атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде қамбамыз астыққа толып, бітік шыққан егіннен тағы да ел ырысы еселенді. Ал дәнді егіп, оны жинап, маңдай терін төгіп, егін даласының ыстығы мен суығына, қиындығына төзіп жүрген еңбек адамдары қашанда құрметке лайық.

Осыған дейінгі газеттің шығарылым санында Шиелі ауданындағы биылғы жиналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің саны мен көлемі жайында кеңінен тоқталып, тарқатқанбыз. Бүгінгі шығарылымда Шиелі ауданының орталық стадионында ертеректегі «Қызыл Ту», қазіргі Ыбырай Жақаев ауылының 95 жылдық мерейтойы мен Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдық мерейтойына және ата басылым «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай өткен «Алтын күз – 2024» мерекелік марапаттау шарасында құрмет төрінен көрінген еңбек озаттарының бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдік. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтінімізде сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жанжағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтаныш етіп, оқырман назарына ұсынып келеміз.
ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН
Күз айы береке мен мерекенің айы десек, тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан ақмаялық диқандар биыл да озаттар қатарынан көрінді. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен аядай ғана ауыл егін шаруашылығын мықтап қолға алған. Жыл бойы жүйелі жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша «Ақмая» шаруа қожалығы «Үздік шаруашылық – 2024» номинациясын жеңіп алды. Бұл мәртебелі марапатты аудан әкімі Айтпай Жандарбеков «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбековке табыстады. Осы аталған шаруа қожалықта адал бейнет етіп, төккен ащы тердің, бүгінде тәтті дәмін татып жүрген еңбек озатының бірі – Бейсенбай Қасымұлы. Ол 40 жылдан астам уақыт егін шаруашылығы жұмыстарын тиянақты атқарып, өз үлесін қосып келеді. Алғашында комбайн жүргізушісінің көмекшісі болып жұмысқа қабылданып, техника тілін жетік меңгерген. Қазіргі таңда шаруашылықта механизатор қызметін атқарып, трактормен күріш, бидай себу жұмыстарын жүргізеді. Осыған дейін қажырлы еңбек еткен Бейсенбай Қасымұлы «Еңбек даңқы» сияқты түрлі жоғары дәрежелі марапат мінберінен көрінген. Еселі еңбегін ескерген шаруашылық ұжымы үздік деп танып, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков биылғы мерейтой салтанатында еңбек озатының қолына жеңіл автокөлік кілтін табыс етті. Ал дәл осы қожалықта 50 жыл күрішші болып абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан Сәулебек Әлтаев әлі де болса еңбек озаттар қатарынан түспеген. Тапсырылған егіс даласына күріш егіп, одан үздік өнім алғаны үшін аудан әкімі автокөлік кілтін табыстап, еселі еңбегі үшін ақжарма алғысын жеткізді. Сондай-ақ «Ақмая» шаруа қожалығында тасымалдау жұмысын жүргізіп, алтын дәннен астық жинауға қосқан елеулі үлесі үшін Досбол Хайырбекұлына да су жаңа автокөлік кілтін берді.
ДАЛА ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕДІ
Бүгінгі таңда аудан көлемінде ауыл шаруашылық саласында өзіндік орны бар шаруа қожалықтар қатары жыл санап арту үстінде. Адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өніп-өскен өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Осынау берекелі әрі игі істі бастап, бүгінде шаруасы ширақ, ісі мығым, өнім көлемі жылма-жыл артып, материалдық-техникалық жағынан нығая түскен шаруа қожалықтың бірі – «Дастан» шаруа қожалығы десек болады. Оған елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған Тұрар Оралбекұлы жетекшілік етуде. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз ету, ауыл табысын арттыру сияқты саласындағы ауқымды жұмыстарды абыройлы атқарып келеді. Биыл аталған шаруа қожалықтың үздік механизаторы Дарқан Қожахметұлының еңбегі еленіп, мерейі үстем болды. Егін саласында еткен еңбегі үшін жиылған жұртшылықтың алдында жаңа автокөлік мініп, аудан әкімінің арнайы номинациясына ие болды.
ТҰРҒЫН ҮЙ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Сонымен қатар, «Алтын күз – 2024» мерекесінің аясында ауыл шаруашылығына елеулі үлес қосып жүрген «Төңкеріс К» шаруа қожалығының еңбеккерлері де алтын астықтан жоғары өнім алғаны үшін марапат биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, шаруа қожалық күрішшілері Абдулла Көшерұлына, Ғалым Ермекбайұлына, Болат Амангелдіұлына және шаруа қожалықтың үздік механизаторы Ақберген Болатұлына автокөлік кілттері табыс етілді. Сондай-ақ егіс даласындағы еңбегі еленген механизатор Нұрлан Шәріпұлына жаңа тұрғын үй берілді. АЛТЫН ДӘН ЖИҒАН ДИҚАНДАР Ақ күріштің атасы, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ауылында орналасқан «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығы жылдағы дәстүр бойынша үздіктер қатарынан түспей келе жатқаны елге мәлім. Қасиетті құт қонған, Қыдыр дарыған ауылдың мәртебесін ел алдында танытып жүрген шаруа қожалықтың бұл күнде жұмысы берекелі, ісі мардымды. Осынау қожалықта таңмен таласа жұмыс істеп, егіс көлемін ұлғайтып, одан мол өнім алу үшін қыруар тындырымды тірлік істеп жүрген қызметкерлер де марапат мінберінен көрінді. Егіс даласында күрішті баптап, оны өсірудің қыр сырын меңгеріп, мол өнім алуға елеулі үлес қосқан күрішшілер Ағайдар Жантөреұлы, Асхат Сейітжанұлы, Айдархан Сыздықов және шаруа қожалықтың механизаторлары Ермек Кеңесбайұлы, Сабырхан Амангелдіұлы мерейтой қарсаңында автокөлік мініп, аудан халқының құрмет қошеметіне бөленді. «Еңбек етсең, қара жер де құр қалдырмайды» деп Абай атамыздың дөп айтқаны бар. Ал оның еңбегі де оңай емес. Барлығына шыдамдылық пен сабырлық, тіпті төзімділік қажет. Неге десеңіз, көктемнің жаңбырлы күніне, жаздың аптап ыстығына, күздің қара суығына төтеп беру қажет болады. Осынау қиыншылыққа қарамай, қара жерге жан бітіріп, оны халықтың игілігі жолында пайдағы асырып жүрген «Атамұра» шаруа қожалығының да жұмысы қарқынды. Биыл аталған қожалықтың егін даласындағы сушысы Данабек Ташматов озаттар қатарынан көрінді. Мерейтой қарсаңында аудан әкімі Айтпай Жандарбеков еңбек адамына тұрғын үй табыстап, еңбек адамының мәртебесін ел алдында тағы да айшықтады. Сондай-ақ шаруа қожалықтың озат механизаторы Мырзабек Сарекеевқа автокөлік кілті табысталып, құрмет көрсетілді. Дәстүрге айналған игі шарада жыл бойы шаруашылық құрылымдарының жұмыс барысын қалың оқырман қауымына ұсынып, еңбек ерлерінің жұмысын насихаттап жүрген әріптесіміз Сұлушаш Мадиярова «Үздік газет тілшісі» номинациясының иегері атанды. Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда марапат төрінен түспеуі керек.
Мейіржан ИБРАГИМОВ
22 қазан 2024 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930