Елге қызмет – ерге міндет

Сондай кейіпкердің бірі – Досбол би ауылының тұрғыны Әбдімәлік Сейтжанұлы. Ол – еңбек ардагері, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісінің иегері, «Сейтжанов» шаруа қожалығының төрағасы. Жуырда Досбол би ауылдық клубында қарияның өнегелі өмір жолын, ауылдың көркеюіне қосқан үлесін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Еңбегі ер атандырған» атты кездесу кеші өтті. Шараның шымылдығы клуб қызметкерлерінің Ә.Сейтжановтың өмір жолынан қысқаша сомдаған қойылымымен түрілді.
Кешті ауыл әкімі Ержан Ахметов ашып, өнегелі өмір иесі жайлы тарқатты. Сондай-ақ шараға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының бірінші орынбасары Патима Маханбет, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков және өңірдегі іргелі шаруашылық төрағалар мен ауыл тұрғындары қатысты. Кеш барысында адал еңбекпен тапқан нанның тәтті әрі берекелі болатындығы, еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтындығы жайлы тарқатылып, кейіпкердің өмір жолы жайлы қызықты әңгімелер айтылды.
«Туған жерге туыңды тік» дегенді санасына сіңірген, туып өскен өңірінің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген өз елінің патриоты, жаны жомарт, абыройлы азамат Әбдімәлік Сейтжанұлының өмірлік ұстанымы мен берекелі еңбек жолы өзгелерге үлгі болары анық.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ