Балғын бишілер байқауы

Өнерлі ауыл балаларының басын қосқан байқауды ауылдық клуб меңгерушісі Шолпанай Досымова ашып, «Би – адамның көңіл-күйін көтеретін, қимыл-қозғалыс арқылы қан айналымын жақсартатын өнердің бір түрі. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің биін меңгере отырып,тамыры терең ұлттық өнеріміз – қазақ биінің мәртебесін көтеру» – деп балғын бишілерге сәттілік тіледі. Белі майысқан, саусақтары қайысқан 9 өнерпаз сахна төрінде мың бұрала би биледі. Жас өрендер орыс, үнді, қазақ, Африка елінің биімен қатар заманауи биімен де көрермендердің қошеметіне ие болды. Балғын бишілерге әлеуметтік педагог Н.Ибраева, Досбол ауылының бас-есепшісі Б.Кенжеғұлова, Досбол ауылының кітапханашысы А.Жәлиқызы әділ бағасын берді. Би байқауының бас жүлде иегері С.Камал атанса, бірінші орын Ш.Мұханбетжан мен Н.Мәлібековаға бұйырды. Ал, екінші орын Ж.Нұрбекқызы мен А.Бердімұратованың қанжығасына байланса, келесі жүлде Н.Жұмаділлаева мен Қ.Қайратханқызының еншісіне тиді. А.Маханбетханова мен С.Ысқақбай арнайы алғыс хаттармен марапатталып, өнер додасы көрерменнің ыстық ықыласымен қорытындыланды.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.