Әзіл әлемі
Ақтоған ауылдық округі әкімінің бекітуімен «Досбол» ауылдық клуб үйінде «Әзілің жарасса!» атты аймақтық әзілкештер сайысы өтті. 1 сәуір – Халықаралық күлкі күніне арналған шараға 7 ауылдық округтің талапкерлері қатысты.
Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш шара ауыл арасындағы таланттардың шығармашылығын арттыру, ізденіс аясын кеңейте отырып, түрлі жанрда өнер көрсету шеберліктерін жетілдіруді көздейді. Екі айналымнан құрылған сайыстың алғашқы кезеңінде кез келген танымал әншінің әніне мимикасы мен биін келтіре отырып пародия жасаған қатысушылар келесі айналымда өздері ұнататын кино әртістері мен әзілкештерінің бейнесін сомдап, халықты күлкіге кенелтті.
Күлкі адамның өмірін ұзартады. Жарасымды әзіл, қағытпа қалжыңмен көңілге қаяу салмай, ойдағысын дәл жеткізетін қазақ халқы үшін бұл өнер аса қиындық тудыра қоймасы анық. Байқау қорытындысы бойынша, әдемі әзілімен әділқазылардың көңілінен шыққан досболдық Т.Жұмабайұлы бас жүлдені қанжығалады. Ал, І орынды Тәжібаев ауылының талапкерлері Ғ.Қалдыбеков пен Р.Құлмағанбетов бөліссе, ІІ, ІІІ орынды Жақаевтан А.Ниятуллаев, Бестам ауылынан Ж.Дәрменов пен Қ.Сәрсеновтер иеленді. Кеш соңында жеңімпаздарға «Досбол» ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Ш.Досымова бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарды табыстады.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.