Өнерлінің ырысы – жарқырап жатар жолында
Шиеліде дарынды да, өнерлі жастар жетерлік. Олардың өнер атты мекенде өз орынын табу үшін, шығармашылығын шыңдап, қанатын кеңге жаюына жағдай жасалуы қажет. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтаудың бір жолы. Өйткені, ұлттық мәдениет сақталмаса, ұлттық кодымыз жаңғырмайды. Осы бағытта Досбол ауылының клубында «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауы өтті. Сайысқа 16 жас талапкер қатысып, бақ сынады.
Балаларды өнерге баулып, шығармашылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шараға Досбол ауылдық мәдениет қызметкері Қ.Қалдыбаева және мектеп мамандары Г.Ахаева мен К.Әбдіраманова қазылық етті. Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші бөлімі көркем сөз оқудан басталса, екінші айналым әуелеген әнге ұласты. Өнерлі өрендердің әсем әні мен әсерлі өлеңдері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші кезең жеңімпаздары Ш.Тәшім, Б.Ысқақбай, А.Мадиярқызы болса, келесі айналымда Е.Өтегенов, С.Тоғызбаев, А.Мақсұтханқызы жүлделі орындарды иеленді. Кеш соңында барлық сайысқа қатысушыларға Досбол ауылдық клубтың басшысы Ш.Досымова алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Әлинұр НҰРБОЛ.