Отбасы – шағын мемлекет
Өткен жұмада Ш.Қодаманов ауылының мәдениет үйінде «Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя» атты І аймақтық балабақшалар арасында отбасылық сайыс өтті. Аталмыш шара «Айсұлу-Ұ» балабақшасының ұйымдастыруымен, жанұяның беріктігін арттыру мақсатында өткізілген болатын.
Отбасындағы татулық ұрпақ тәрбиесіне апарар жол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылдың 6 желтоқсанындағы өкіміне сәйкес, өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл байқау дәстүрді сақтай отырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен адамгершілік, рухани институтты нығайтуға жол ашады. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі де байқаудың маңыздылығын арттырады. Байқаудың қалалық, облыстық, республикалық іріктеуіне қатысқан үміткерлер өздерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін көрсетуге тырысады. Жанұядағы жылулықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау аясында 2017 жылы «Мерейлі отбасы» жеңімпазы атанған Исламхановтар отбасы көпке үлгі болуда. Осы үрдісті жалғап, балабақшадағы бүлдіршіндерді отбасымен бірге сайысқа түсуге шақырған «Айсұлу-Ұ» балабақшасының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Асанов, Маликов, Мұстафаев, Каденов және Сейітовтар т.б 10 отбасы бақ сынады. Балабақшадағы бүлдіршіндер мен ата-анасының арасындағы қарым-қатынастың беки түсуіне септігін тигізген бұл сайыс 4 кезеңнен тұрды. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Асановтар отбасы иемденсе, бірінші орынды Мұстафаевтар отбасы қанжығалады. Келесі жүлделі орындар мен номинацияларды бөліп алған жанұялар да ауызбіршілікпен тарқасты.
«Отбасы – шағын мемлекет» десек, сол ұядан тәрбие көрген ұрпақ ел тұтқасын ұстайтын бір тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан, шаңырақтың беріктігі, ондағы сыйластық пен ауызбіршіліктің рөлі орасан зор. Сонымен қатар, Елбасының отбасы құндылықтарын арттыруды алға қоюы ажырасу көрсеткішінің артуымен де тікелей байланысты. Жанұядағы жарасымдықты байқамай, сұлулық пен жылулықты сырттан іздеген жұбайлардың көзқарасын түбегейлі өзгертетін осы сынды байқаулардың көбірек өтуіне сеп болғанымыз игі бастама болмақ. Сондай-ақ, мерейі үстем, берекелі отбасыны енді ғана шаңырақ қөтерген жас отау иелеріне үлгі етіп, насихаттауға болады.
Қайрат ИСМАИЛ.