Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел анасы елеулі

Ел анасы елеулі


Дүниедегі ең қымбат нәрсе – адамның өмірі. Сондықтан да, бабаларымыз «мың күнгі жұмақтан бір күнгі өмір артық» деп, атар таң, шығар күннің қасиетін айрықша бағалаған. Бүгінгі жарқын өмір ардагер ата-әжелердің кешегі жүріп өткен қиын-қыстау жолдарының жемісі. Жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін олар жастық жалын мен жігерін тәрк етіп, қатал тағдыр теперіштеріне жанқиярлықпен қарсы тұрды. Өмір жолы өнегеге толы жанның бірі, «Шиелі ауданының Бибіпатымасы» атанған Ұлман Мәмреева 95 жас мерейтойына орай «Еңбегімен еленген Ел анасы» атты мәдениет үйінде кездесу кеші өтті.

95-ші көктемін тойлап отырған Ұлман анамыздың жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, көңілі құлазып, жүрегі қан жылап жүрсе де, әрдайым жаны ән салып, қасындағыларға жылуын төгіп жүретін. Өңірдің дамуына атсалысып, жастарға ақылшы бола білген ел анасының мерей тойында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сөз алып құттықтап, сый құрмет көрсетті. Ақ жаулық тағып, иығына қамзол жапты. Содан соң, облыстық мәслихат хатшысы Нау­рызбай Байқадамовтың құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, аудан басшысы Әшім Оразбекұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жастар тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін мерейтой иесін «Құрмет» грамотасымен марапаттады.
Тағлымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан ел анасын мақтан тұтып, ардақтап, қоғам назарына насихаттай отырсақ, ұтпасақ ұтылмайтынымыз сөзсіз. Шараға аудан, облыс орталығынан мәртебелі меймандар қатысты. Ұлман анамызға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағамбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», мемлекеттік «Алаш» сыйлығының иегері Қатира Жәленова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын – журналист Қаршыға Есімсейітова өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.
Іскерлік пен ізденістің жолында жанын аямаған, ұл мен қызға ұлағат ұялатқан, айта берсең, Ұ.Мәмрейқызы жайлы әңгіме де, өнеге-сыр да көп.
Салтанатты басқосуда анамыздың өмірі мен еңбегі жайлы бейнеролик пен көрініс көрсетілді. Шарада аудан өнерпаздарының ән-шашуы жұртты серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, бұл күнгі көрген-білгеніміз ауданның бейбіпатымасы атанған Ұлман Мәмрееваның мерейін мадақтап, ал, анасына деген құрмет бір күннің ғана аясына сыймайтындығын көрсеткендей.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
16 сәуір 2019 ж. 1 835 0