Ізгілікке толы сырлы кездесу
«Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген тамаша сөз бар халқымызда. Оның бір көрінісі – «Арман» мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Ұлман Мәміреевамен кездесу кеші.
Ол – еңбек ардагері, 1997 жылы ауданымыздың «Жыл адамы» атанған ардақты ана, ауданның «Бибіпатымасы» Ұлман Мәмірееваның есімін білмейтін шиеліліктер жоқ шығар. Өзі туып өскен топырақтың мәдениеті мен руханиятына қызмет етіп, айрықша еңбегінің арқасында қалың елдің ықыласына бөленді, құрметін арқалады.
Бұл әсерлі кездесудің мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, ақ жаулықты аналардың ақ пейілін, өмір тағылымынан тәжірибе алу, келешек ұрпаққа үлгі ету. Сырласу кешіне көпбалалы аналар, оқушылар, ұстаздар қатысты. Кездесу барысында Ұлман апаның өзі білім алған ордасы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының оқушылары Ұ.Мәмірееваның өмірбаянымен, жеткен жетістіктерін көрерменге таныстырды. Арнау оқыды. Тоқсан төрт жасқа келген ардақты ана оқушыларға өз өмірінен қызықты оқиғалар айтып, көрерменді қызыққа кенелтті. Тіпті жас кезінде айтысқан қыз бен жігіт айтысынан үзінділер айтты. Оқушылармен еркін форматта әңгімелесу түрінде өткен жүздесуде жастарға қатысты көптеген мәселелер қозғады. Кездесуде көпті көрген еңбек ардагері, ардақты ана Ұлман апа мамандық таңдаумен қатар, жар таңдаудың да маңызды екендігін түсіндірді. Отбасы бақытының алғашқы орында тұру керектігін айтты. Ол кісінің әсерлі әңгімесі көпбалалы аналар мен ұстаздарға, жастарға өмірге азық болар күш-қуат пен сергек көңіл-күй сыйлады.
Салиқалы ойларын салмақтап жеткізе білген кейуана Ұлман апамызбен өткен бір сәт есте қаларлықтай, өмірімізге мәңгі азық боларлықтай дәрежеде болды. «Жақсымен өткен бір күнің – бақыттың мың күні» дегендей, мың күнге татитындай рухани азық алдық. «Рухани жаңғырудың» бұл да бір бөлшегі десек те болады.
Айнұр НАЗАРОВА.