Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 95-ші көктемін қарсы алған БИБІПАТЫМА-АНА

95-ші көктемін қарсы алған БИБІПАТЫМА-АНА


Қос ғасырдың куәгері, ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп еткен, Шиелі ауданы балалары мен аналарының бибіпатымасы – Ұлман Мәмреева 6 наурыз күні 95 жасқа толды.

Ол 1924 жылы Жөлек ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жастық шағы Ұлы Отан соғысымен қатар келген жас қыз ер азаматтарды әскер қатарына шақыртып жатқан тұста өз еркімен соғыс даласына аттануға сұранады. Алайда, небәрі 17 жасар бойжеткенді әскери бөлімше қабылдамай, кері қайтарған. Екі айдан соң мектептегі үздік оқушы, алғыр қыз Ұлманды облыс орталығындағы колхоз есепшілерін дайындайтын 3 айлық курсқа шақыртады. Бұл туралы кейіпкеріміз:
–Курсты үздік бағаға аяқтадым. Мені өз колхозым күтіп отыр екен. 1942 жылдың ақпан айынан бастап Ортақшылға бас есепші болып жұмысқа орналастым. Кейіннен Қызылдиханға ауыстым. 1948 жылдың қаңтарынан бастап қаржы бөліміне (ол кезде ақша бөлімі деп аталатын) бас есепшінің орынбасары болып бардым. Осылайша он жылдан аса қаржы саласында бірқатар жауапты қызметтерде жүрдім. Кейіннен білімімді жетілдіруге мүмкіндік алып, Алматыдағы финанс-кредит техникумын аяқтадым. Ал, 1955 жылдан бастап зейнетке шыққанша аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқардым, – деп еңбек жолын еске алады.
Иә, Ұлман Мәмрейқызы өзінің мансаптық ғұмырында адал жүріп, адал тұрды, көптеген игі істердің бастамашысы бола білді. Құдай қосқан жары Ұлы Отан соғысының ІІ топ мүгедегі, бұрынғы «Гигант» колхозының құрметті азаматы Жәлел Қонаевпен бірге 2 қыз, 3 ұл өсіріп, тәрбиеледі. Әжей сол бір зұлмат жылдардағы халықтың жағдайы мүшкіл бола тұра мойымағанын, қазіргі бейбіт, тоқшылық заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ бақытты екенін тебірене әңгімелейді.
–Ол кезде ауылда қалған ағайын бар азық-түлік, киім-кешекті майдан даласына жөнелтетін. Әйелдер таңертеңнен жөргектегі баласын беліне байлап, естиярларын үйінде қалдырып, еңбек даласына аттанатын. Сондағысы күніне азық қылатыны бір таба нан мен қара су. Нанның өзі кебекке иленетін еді. Кейде ашқұрсақ жатуға да тура келетін. Оның барлығын еске алу өте қиын. Қазір, шүкір, заман тыныш, білім аламын, еңбек етемін деген жанға мүмкіндік көп. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқан сендер бақыттысыңдар. Осы күнімізді қадірлеп, бағасына жету керек, – дейді ардагер қарт.
Бибіпатыма-ана осы күнге дейін ауылдың дамуына атсалысып, жастарға ақылшы болып отыр. 95 жастағы ауданның ардақтысы газет-кітаптарды көзәйнексіз оқиды. Әлі күнге дейін өзінің туабітті тістері де дін аман. Мұны «Салауатты өмір салтын дұрыс ұстанғанның жемісі» дейді кейіпкеріміз. Айта берсең, Ұ.Мәмрейқызы жайлы әңгіме де, өнеге-сыр да көп. Зейнеткерлікке шыққанша басшылық қызмет атқарған. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Өз ортасында абырой-құрмет пен ізгі ілтипатқа да бөленді.
Бибіпатыма-ананың мерейтойы қарсаңында жазушы Өтеген Әбдіраман қарияның шаңырағына арнайы келіп, мерейлі жасымен құттықтап, шапан жапты. Бір өзі бір энциклопедияға айналған Ұлман Мәмрейқызын біз де өз кезегінде мерекемен қатар келген мерейтойымен құттықтаймыз.

Г.ЯХИЯ.
07 наурыз 2019 ж. 1 607 0