Есімі елдің есінде
Өткен жұмада Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Азамат. Тұлға. Қайраткер» атты еске алу шарасы өткізілді. Айтулы шара Сыр елінің әлеуметтік – экономикалық дамуына зор үлесін қосқан, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктесі, Қызылорда және Талдықорған облыстарының партия, кеңес ұйымдарын басқарған, мемлекет және қоғам қайраткері, тегін емес текті, кеңдік пен кемелдік, биіктік пен тереңдік бір басында үйлесім тапқан, бекзат болмыс иесі Сейілбек Шаухамановқа арналды.
Еске алу кеші Сейілбек Шаухамановтың өнегелі өмірінен ақпарат беруден басталып, ақындардың қайымдасу түріндегі айтыспен жалғасын тапты. Домбыраны серік етіп, қара сөзден маржан терген ақындар өз жырына дара тұлғаның өзгеден ерек қасиеті мен еліне қосқан елеулі еңбегін арқау етті. Осыдан кейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлына сөз берілді.
Өңір басшысы өз кезегінде: «Сәкең еңбек жолын қарапайым дәрежеден бастап, лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарды. Облыстың бірінші әкіміне дейін көтерілді. Ширек ғасыр Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария аудандарында комсомол, шаруашылық, кеңес, партия құрылымдарын абыроймен басқарып адал қызмет етті. Сейілбек Шаухаманұлы қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұщымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін аянбай қызмет етудің тәлімін, өнегелі өмірінің үлгісін танытты. Аудан халқына Сейілбек Шаухамановтың есімі тым ыстық. Шиеліліктер Шаухамановты ауданның біртуар азаматы деп санайды. Себебі, Сейілбек ағаның балалық бал дәурені, жастық жаны, Жұпар апамызға деген мөлдір махаббаты осы Шиеліде өтті. Сейілбек аға жайлы айту да, жазу да алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілерге бірдей пайдалы боларлық өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды. Сыр елінің аяулы перзенті, ғибратты ғұмыр иесі Сейілбек ағаның өнегелі қызметі, жасаған еңбегі мен жарқын бейнесі аудан халқының жадында мәңгі сақталады», – деді аудан әкімі. Шарада біртуар азаматтың қызмет жолы мен адами болмысы жіпке тізгендей баяндалды. Бақилық болған тұлғаның әруағына дұға жасап, Сейілбек аға Шаухамановтың жұбайы Жұпар апаға сый-құрмет жасалды.
Еске алу кеші Шиелі ауданының өнерпаздары оқыған монолог пен «Көңіл толқыны» күйінің орындалуымен жалғасты. Сондай-ақ шараға әрбір істе ұлтын ұшпаққа шығаруға тырысқан, ұрпақ болашағы үшін алаңдаған тұлғаның ғибратқа толы ғұмырынан естелік айту үшін Сейілбек Шаухаманұлының қызметтес достары, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішұлы, досы, ҚР еңбегі сіңген дәрігері, денсаулық сақтау саласының үздігі Т.Маханұлы, Қызылорда қаласының «Құрметті» азаматы Қ.Қайруллаев, сыныптас досы, еңбек ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті» азаматы Р.Мауяұлы қатысты. Өмір жолында бірге жүрген жолдастары қайталанбас тұлға туралы ыстық естеліктерімен бөлісті.
Маржан Құрманғалиева.