Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсының аты өлмейді

Жақсының аты өлмейді

Дүйсенбі күні Шиелі кентіндегі көшелердің біріне мемлекет және қоғам қайраткері Жарылқасын Тұрабайұлының есімі берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өркен Исмаил мен Жарылқасын Тұрабайұлының туысқаны ­Мадияр Ахметов және аудан тұрғындары қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Нұржан Ахатов:
– Қазақ халқы қашан да өзінің еліне, жұртына қалтқысыз қызмет еткен азаматтарын құрметтеп, кейінгі ұрпаққа дәріптеп келеді. Бүгін ауданда 5 жыл аудан әкімі болып қызмет істеген Жарылқасын Тұрабаев тың құрметіне көше ­атауын беру рәсімінде өздеріңізбен бірге басқосып жатырмыз. Жарылқасын ағамыз қызмет істеген уақытында ауданға үлкен оң өзгерістер алып келді. Сол уақыттарда Сұлутөбе, Тартоғай ауылдары аудан құрамына қосылды, Бала би кесенесі, «Оқшы Ата» мазаратындағы кешендер жаңартылды, академик Шахмардан ­Есенов есімімен «Көкшоқыдағы» орталық көше аталып, көше басына оның мүсіні орнатылды. Бірнеше құрылысы тоқтап қалған мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Зәулім мешіт үйі, Мұстафа Шоқай мүсіні, су бұрқақтары мен көше көркі, басқа да атқарылған сан түрлі жұмыстар халық көкейінен шыққан игілікті істер болды, – деді аудан әкімі.
Шара барысында ҚР Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп ортаға шығып, арнау өлеңін тарту етті.
Қаласа халық өзі хан қылады,
Атағы талай жылдар жаңғырады.
Ер есімін елейтін елі бар да,
Азаматты мәңгі есте қалдырады.
Көп кезде барлығында бүтіндедің,
Қадірлі аға сабыр менен шүкір дедің.
Бүкіл аудан аңыз қылып әлі айтады,
Алла үйін асарменен бітіргенін.
Сондай-ақ салтанатты шарада облыстық арагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, Жарылқасын Тұрабайұлының тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Шиелі ауданының әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жасаған батыл қадамдарын тілге тиек етті. Мұнан соң Алмагүл ­Божанова, Өркен Исмаил, Мадияр ­Ахметов сөз алып, оның қызметіне деген адалдық, парасаттылық қасиеттеріне тәнті екендіктерін айтты.

Рамазан ӘНӘПИЯ
29 тамыз 2022 ж. 522 0