Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың жайын білді

Ауылдың жайын білді

Берекелі бейсенбіде аудан әкімі Нұржан Ахатов бірқатар ауылдарды аралап, ахуалымен танысты.
Ең алдымен аудан әкімі аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаровпен бірге Сұлутөбе ауылдық округіне аялдады. Маңызды мәселелерді ауыл ақсақалдарымен, тұрғындарымен бірге талқылады. Н.Ахатов ауылдағы басты мәселелердің бірі ретінде газ кіргізу, ­Жаназар батыр ауылына жаңадан клуб үйін салу, ұялы байланыс желісінің жұмыс сапасын жақсарту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ ауыл тұрғыны, Шиелі ауданының «Құрметті ­азаматы» Е.Дүйсенов жалпы жасалып жатқан жұмыстардың аз еместігін, аяқ су мен ауыз судың кедергісіз келіп тұрғандығын, жолдардың асфальтталып жатқандығын айтып, ауылдағы бос тұрған бұрынғы ескі мектептің ғимаратын спорт мектебіне немесе сол сияқты қажетті нысандардың біріне айналдыру туралы ұсынысын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сұлутөбе ауылдық округінде 64 шаруа қожалық, 27 кәсіпкерлік нысан бар. 1 аурухана, 3 ФАП, 1 амбулатория, 3 мектеп, 1 мемлекеттік және 2 жеке меншік балабақша, 1 мәдениет үйі, 1 клуб, 3 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оған қоса келер жылға «Мұстафа Шоқай» АГРС, яғни автоматтандырылған газ реттеуіш станциясын салу жоспарланған және нәтижесінде Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Бала би мен Бәйгеқұм ауылдарына да газ тартыла бастайтын болады.
Келесі аялдама – Майлытоғай ауылдық округі. Аудан әкімі ауылдағы басты мәселелердің бірі ретінде газдандыру мәселесін атап өтіп, алдымыздағы жылы шешімі табылатынын айтты. Сонымен қатар ауылдағы жарық жүйесін реттейтін жаңа трансформаторға қаржы қаралғандығын атап өтті.
Қоса кеткен жөн, қазіргі таңда Майлытоғай ауылдық округінде 13 ­шаруа қожалық, 12 кәсіпкерлік нысан бар. 1 медпункт, 1 мектеп, 1 клуб, 1 жеке меншік балабақша мен 1 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаровпен бірге Тартоғай ауылдық округіне барып, тұрғындармен тілдесті. Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер талқыланып, аудан әкімі нақты шешімдер қабылданатындығын жеткізді.Тартоғай ауылдық округіндегі 15 көшенің он екісі асфальтталған, қалған 3 көшені асфальттауға және көше жарығын орнатуға бюджеттік өтінім тапсырылған. Қазіргі таңда ауылда 15 шаруа қожалық, 3 кәсіпкерлік нысан бар. 1 ФАБ, 1 мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 мемлекеттік балабақша мен 1 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Аудан әкімі аялдаған соңғы ауыл –Жуантөбе ауылдық округі. Ауыл халқы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мол екенін айтып, осындай игілікті істер жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.
«Батаменен ел көгерер» демекші, ауыл ақсақалдары аудан басшысының алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
09 тамыз 2022 ж. 669 0