Шырай бар Шиелінің шаруасында
22 сәуір күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді. Киелі өңірдегі бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, аудандағы эпидахуалмен танысты. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков облыс басшысына атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Аймақ басшысы Г.Наушақызы ең әуелі Сұлутөбе елді мекеніне табан тіреді. Онда ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамтылу мәселесін бақылап, бас су қоймасының жұмысын көрді. «Сұлутөбе елді мекенінің ауыз сумен қамту жүйелерінің және бас су қоймасы» жобасы аясында 184 дана көру құдықтары орнатылып, қыстақішілік 18,84 шақырым, тұтынушы тұрғын үйлерге дейін 9,02 шақырым ауыз су құбырлары жүргізілді» деді ауыл әкімі К.Маматов. Көптен бері айтылып жүрген ауыз су мәселесі оң шешім тапқанына қуанған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ералы Жұмаділов енді аяқ су мен табиғи газ тартылса ауылдағы ағайынның мәселесі толықтай шешілер еді деген ұсынысын жеткізді.
Аймақ басшысы ұсынысты назарға алып, одан әрі Талаптан ауылына бағыт алды. 2016 жылы құрылған «Шиелі төрт түлігі» кооперативі сүт өндіру және өңдеу жұмысымен айналысып келеді. Өзімізден өндірілген шұбат, құрт, түйе сүтінен жасалған балмұздақ сынды өнімдерді көрген Г.Наушақызы отандық өнімнің өрісін кеңейту керектігін жеткізді. Сонымен қатар, Талаптанға қарама-қарсы жатқан Бәйгеқұм ауылының әлеуметтік экономикалық жағдайымен танысу мақсатында Бәйгеқұм ауылдық клубына барды. Жаңадан бой көтерген клуб ғимаратын тиімді пайдалану әрі кәсіпкерлікке қолдау білдіру мақсатында ғимарат ішінен тігін цехы мен шаштараз ашылған. Ардагер ұстаз Мұсахан Дүйсенұлының айтуынша ауыл халқының тұрмысы түзеліп келеді. Тек, ауылға жанашырлық танытатын азаматты ауыл әкімі етіп сайлауды сұрады.
Одан әрі ауданда жаңа технологиялар бойынша тамшылатып суару әдісін одан әрі жетілдіру мақсатында пленка астында егілген 4 гектар қызанақты тамашалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, су тапшылығын ескеруді айтқан аймақ басшысы биылғы жылы да мол өнімге қол жеткізу керектігін тілге тиек етті. Кент ішіндегі нысандарды назарға алған Г.Әбдіқалықова 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысын көрді. Сондай-ақ, «Мөлдір и К» ЖШС құс өсіру фермасында болды.
– Пандемияның бірінші толқыны кезінде жұмыртқа өнімін өзге облыстардан алуымызға тура келді. Оның үстіне жұмыртқа бағасы да қымбат. Өз өнімдерімізді өндіру үшін шағын цехтардың тұрақты жұмыс істеуі маңызды. Қазір аудандағы құс фермасы күніне 15 мың дана жұмыртқа өндіруде. Ал, жылына 7,5 миллион дана өнім өндіре алады. Дегенмен, әлде де өнім көлемін арттыруға жұмыс істеуіміз керек – деді, облыс әкімі.
Келесі нысан «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында А.Яссауи көшесіндегі аббаттандырудан өткен аллеяның және Жиделіарық елді мекеніндегі жаңадан салынған 150 орындық клубы болды. Сондай-ақ, «Бастау» сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.
Арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Г.Наушақызы аудандық емханаға барып, коронавирустың алдын алу және індетке қарсы тұру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың легімен танысты. Ең бастысы карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар, аудан халқын дертке қарсы тұру үшін екпе салдыруға шақырды.
Г.Дүйсебай