Әлеуеті мен мәдениеті артқан ауылдар
Қоғамда өзіндік орны бар ауылдық елді мекендердің гүлденуі мен дамуын қолдау әрдайым мемлекеттік бағдарламалардан көрініс тауып отырады. Жыл сайын аудандағы шағын елді мекендерде халық игілігі үшін тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде. Сөзіміздің дәлелі ретінде жуырда Сұлутөбе ауылына қарасты 1 Май елді мекенінің сапалы ауыз сумен қамтылғанын айта аламыз. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аяқталған жоба құрылысын тексеріп, ауыл тұрғындарын ауыз судың келуімен құттықтады. 4 айға жалғасқан құрылыс барысында 28 дана гидрант, 57 дана құдық салынып, қыстақішілік 7 336 км, сервистік 4 282 км ауыз су құбырлары жүргізілген. Бас мердігер – «РЗА» АҚ. Айта кетейік, биылғы жылдың маусымында «Қазатомпром» АҚ-ның демеушілігімен 670 метр тереңдіктен жаңа ұңғыма бұрғыланып, насос қондырғысы орнатылған болатын. Бүгінде ауыл халқы тұтынып отқан таза ауыз су сол ұңғымадан.
– Жаңадан 120 үйге ауыз су кіргізілді. Үйлердің барлығына пайдаланылған судың мөлшерін есептеуші құрылғы қойылған. Бұрындары су ақысы үйдегі адам санына қарай төленсе, бұдан былай тек пайдаланған суға ғана төлейтін болады, – деді ауыл әкімі Кажденбек Маматов.
Судың қадірі өткен ауыл халқы тіршілік көзінің үйлеріне кіргеніне қуанышты. Ауыл ардагері Арыстанбек Әбдиев:
– Ауыл тұрғындарының атынан қуанышымызды білдіре отырып, аудан басшысына, жауапты мекеме қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз. Жұмыста жемісті болып, отбасында аманшылық, дендерінде саулық болсын. Құрылысшыларға, басшыларға рақмет, – деп ауыз су мәселесін шешуде жасалып жатқан жобалардың жүзеге асуы көңіл серпілтетінін жасырмады. Жиында өңірде жобаланған жұмыстардың кезең-кезеңімен атқарылып, ауыз сумен қамтылған ауылдар санының көбейе беретіндігі айтылды.
Бүгінде судағы кенделікпен күресіп жатқан, көлімен көркемделіп, өзенімен өрнектелген ұлы даланың ұрпақтары өнердегі кемшілікке жол бермек емес. Олай дейтініміз, мәдени орынға мән беріліп, өнерпазды тәрбиелеу ордалары заманға сай жаңа ғимараттармен алмастырылуында.
Сонымен қатар, Тартоғай елді мекенінде 150 орынға лайықталған ауылдық клуб-үй ел игілігіне берілді. Құрылысы екі жылға созылған мәдени орын 2 қабаттан тұрады. Сәулетіне сәні келіскен әсем ғимараттың жауапты мердігері – «Ахат+ГС» ЖШС.
Ашылу рәсімінде:
– Бұл мәдениет үйін тек қана концерт үшін емес, бизнес орталық ретінде пайдалануға болады. Мысалы, Бәйгеқұм ауылында клубтың ішінде пошта байланысы, интернет клубы, шаштаразы мен киім тігетін орны бар. Танымдық үйірмелер жұмыс істейді. Сондықтан барлық жағдайы жасалған ғимаратты тиімді пайдаланып, жетістікке ұмтыла беріңіздер, – деген аудан әкімі тұрғындарды қуанышымен құттықтап, өнерлілер үйінен ел азаматтары шыға беруін тіледі.
Тартоғай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбетов те өз кезегінде жасалған игі істерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Шара мердігер серіктестік директоры Мырзабай Шалманұлының символикалық кілтті клуб-үйдің директоры Ғазиза Кәденоваға табыстауымен жалғасты. Аудан әкімі мен ардагерлері мәдениет ошағының лентасын қиып, салтанатты жиын қауымы ғимарат ішімен танысты. Көрермен залы, асханасы, музыкалық жетекші бөлмелері, әртістер бөлмесі, гардероб пен кітапханасы бар. Мәдениет ошағында ән, би, сурет, тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Аталған орындар жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, пайдалы дүниелерге машықтануына жол ашпақ.
– Ауылымызда осындай үлкен мәдениет үйі ашылып жатқанына өте қуанышытымыз. Ғимарат толықтай заманауи құрал-жабдықтармен, компьютерлермен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Осылай ауыл халқына жағдай жасап жатқаны бізге жаңа серпін береді. Өнерпаздарымыз арқылы ауылдың мәдениетін көтеріп, сол саланың дамуы үшін жұмыла жұмыс істейтін боламыз, – деді клуб-үй директоры Ғ.Кәденова. Мәдениет саласында жүргеніне 20 жыл болған меңгеруші шағын елді мекен халқының рухани-мәдени өмірі жаңғыра беруіне тілектестігін білдірді.
Рухани орда сахнасында өнерін ортаға салған ауыл өнерпаздары көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Назерке
МҰХАМЕДИЯРОВА