Ауылдағы айтулы шара
Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауызсу мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Бұл мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр. Қай кезде болсын ауызсудың сапалы болуы маңызды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі басталған игі істің жалғасы ретінде қала мен ауылдық елді мекендер тұрғындарын сапалы, таза ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдар аралығына арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылып, ел игілігіне айналуда.
Ибн Синаның «Ауру көбінесе ішкен астан, әсіресе, ауыз судан пайда болады» деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауызсуға қолжетімділіктің маңызы зор. Бірінші желтоқсан күні, яғни, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, Телікөл ауылында таза ауызсу желісі пайдалануға берілді. Елеулі оқиғаның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров қатысты. Ауыл халқы айтулы шараға түгелдей жиналып, осы сәттің куәсі болды. Бұл – ауыл әлеуетінің дамығанының жарқын көрінісі. Салтанатты жиын лентасын қию құрметіне Т.Әлиасқарұлы мен Халықберген Тұрсынбетов қария ие болды. – Ауылдарыңызға келген ауыз су жүйесі құтты, қайырлы болсын деп ізгі тілегін білдірді. Жаңа тартылған су құбырының ауыл халқы үшін орасан зор қуанышты оқиға екенін алға тартты.
Халықберген Тұрсынбетов, ауыл тұрғыны:
– Ауылға су беріліп, жағдайымыз жақсарды. Тұрғындар ауызсуды көлікпен тасып тұратын еді. Судан таршылық көріп отырмыз дегеніміз дұрыс болмас. Себебі, су үнемі жеткізіліп тұрды. Енді су жүйесі үйге дейін жеткізілді. Керек кезінде ала қоямыз. Судың сапасы да жақсы. Бұл – мемлекеттік бағдарламаның арқасы, – дейді ақсақал.
Әрине, су – берекенің бастауы. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Мал бағып, бақша ұстайтын ауыл халқы үшін бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.