Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІНГЕ ЕРТЕ ҚАМ ЖАСАУ КЕРЕК

ЕГІНГЕ ЕРТЕ ҚАМ ЖАСАУ КЕРЕК

Егінге су тапшылығы – еліміздің ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселенің бірі.

Өткен аптада ауданда егін шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер талқыланған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қатысып, аймақтағы су тапшылығы жағдайында алдағы егін егу маусымына дайындық барысы жан-жақты қаралды. Мәжіліске ауданға жұмыс сапарымен келген Қазсушар РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал–Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директоры Шухрат Құрбанов, сондай-ақ Аграрлық Несие Корпорациясы АҚ облыстық филиалының өкілі Нұржан Жаналиев және тиісті сала басшылары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты. Жиын барысында вегетациялық кезеңде аудандағы суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың қазіргі жағдайы, биылғы ауыл шаруашылығы науқанының қорытындысы және келер жылғы егін егу кезеңіне жоспарланған жұмыс бағыттары талқыланды. Ерекше назар Сырдария өзені бойындағы су көлемінің азаюы және оның егістік алқаптарына әсеріне аударылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған сала мамандары суармалы сумен қамтамасыз ету, су тапшылығының салдарын азайту, егіс құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, күріш алқаптарын қысқартып, су аз қажет ететін дақылдарға – жүгері, мақсары және өзге де балама өнімдерге кезең-кезеңімен көшу жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аграрлық саланың тұрақтылығын сақтауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ мәжілісте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмалары да тілге тиек етілді. Осыған байланысты, тамшылатып және жаңбырлатып суару сынды заманауи әдістерді енгізу, су арналары мен қашыртқыларды тазалау, суды есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері күн тәртібінде тұр. Аудан әкімі жиынды қорытындылай келе, алдағы вегетациялық кезеңге дайындықты бүгіннен бастап күшейтудің маңызын атап өтті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникаларын толық әрі сапалы әзірлеу, су көздерін ұтымды пайдалану бағытында нақты жоспарлар әзірлеу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар барлық жауапты сала басшылары мен шаруашылық жетекшілері бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуге шақырып, аграрлық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін атап өтті. Көріп отырғанымыздай, судың тапшылығына қатысты өңірде қазірден бастап дайындық басталып кеткенге ұқсайды. Ендігі кезекте кешенді шаралар өз нәтижесін беріп, диқан қауымы әбіржімесе болғаны.

М. КЕҢЕСҰЛЫ

02 желтоқсан 2025 ж. 24 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9359)

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (9358)

01 желтоқсан 2025 ж.

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031