Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіншінің еңбегі еш кетпейді

Егіншінің еңбегі еш кетпейді

Су тапшылығы жағдайында егілген егістер сусыз қалмайды. Сенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Қазсушар» Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов және аудан әкімі Нұржан Ахатов бастаған топ Шиелі ауданындағы бірнеше егіс алқаптарын аралады.
Мұндағы мақсат аудандағы егіс алқаптарына су жеткізу жайын ақылдасып, су жетіспеушілік мәселесін болдырмау үшін алдағы уақытқа арнайы жоспарлар қарастыру болды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков пен «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Д.Әубәкіров тапшылықты жоюға бағытталған жұмыстардың барысын сөз етті. Мұнан бөлек Керделі және Ақмая ауылдық округіндегі шаруа қожалық төрағалары егіс алқабын аралатып, мол өнімнен үмітті екендіктерін айтты.
Сондай-ақ филиал директоры ­Роллан Ахметов жалпы аудан бойынша шаруашылық құрылымдарының егіс алқаптарына су жеткізіп беру қызметінің жоспарлы жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Каналдармен жоспарлы су беру жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуі, вегетациялық кезеңге дейінгі көктем айларында аудан аумағында орналасқан республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандарына механикалық тазарту мен жөндеу жұмыстарының нәтижесі», – деді филиал директоры.
Расында мекеменің биыл атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, жыл басынан бері мекеменің өз күшімен «02» каналының 3,8 шақырымы, «R-7» каналының 20 шақырымы тазартылған. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 шақырымы, «L-6» каналының 12, «01» каналының 10, «R-8» каналының 14,6, «R-10» каналының 8, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылыпты. Дегенмен, бүгінгі күнгі Сырдария өзеніндегі су тапшылығына сәйкес, қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында Р-12 каналының аяғында орналасқан шаруашылықтарға, Үкімет резерві есебінен алынған насостардың 3 данасы беріліп, 2 данасы К-3 қашыртқысынан Р-12 каналына, 1 данасы К-3 қашыртқысынан Р-10 каналына су айдауда. Сонымен қатар Жаңа Шиелі магистралді каналы бойындағы су тоспа құрылыстарының көмегімен кезектестіріп реттеу жұмыстары арқылы су жетіспеушілігі байқалған күріш атыздарына су беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен биыл Қоғалы ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін «Масабай» каналына секундына 500 л су айдайтын 1 дана дизельді насос қондырғысын алынған. Сонымен бірге Жөлек ауылында да «Сырдария» өзеніне секундына 500 л су айдайтын 1 дана электорлы насос қондырғысы орнатылыпты.
Аталған жұмыстардың арқасында аудандағы су тапшылығы сезіліп жатқан шаруа қожалықтарға, су жеткізіп беру мәселелері өз шешімін табуда. Сондықтан Шиелі ауданы биыл да еккен егіннен мол өнім алып, озат ­аудан атанады деген сенімдеміз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
19 шілде 2022 ж. 714 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930