Дала семинары: Соя дақылы суды көп қажет етпейді

Мезгілдің шуағы түсіп, жауынның ылғалы еніп, жер сызы кетісімен дала төсінде егіс жұмыстары басталды. Бұл – күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы. Шаруалар егістік жерді тазалау мен жер жыртуды аяқтап, тұқым себу жұмыстарын бастап кетті. Міне, осы қызу жұмыс «Бидайкөлде» де жүруде.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау артып келеді. Барлығымызға белгілі, өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылды табысты қорытындыладық. Егілген егіннің әр гектарынан жоғарғы өнім жиналып, жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Соның арқасында аудан «Озат аудан» номинациясын жеңіп алды. Бұл да ала жаздай төккен тер мен еткен еңбектің жемісі.
Биыл шаруа қожалықтар егістікке тыңғылықты кірісіп кетті. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, көктемгі дала жұмыстарын жоспарлаудың маңызы ерекше. Сондықтан бүгінгі жиында егінге қатысты мәселелер қаралатын болады. Мақсатымыз – қамбаға мол астық құю. Алдымызда біз үшін сұранысқа ие болған дақыл көлемін арттыру міндеті тұр, – деді Е.Апетов дала семинарын ашу салтанатында.
Семинардың мақсаты – суды аз қажет ететін соя дақылын ауданда бір ғана шаруашылық егетіндіктен басқа да шаруа қожалықтарына күтіп, баптау тәсілдерін таныстырып, кеңінен насихаттау. Соя – бұршақ тұқымдас дақыл. Бүгінде дүние жүзі бойынша сұранысқа ие өнім. Біршама мемлекет оны ет тағамдарының орнына тұтынады. Ал былтыр дәл осы өнімді біздің диқандар алғаш еккен болатын. Сыр топырағын жатырқамаған дақылды биыл да «Бидайкөл» шаруа қожалығы жер төсіне орналастырды.
– Дақылдың жер құнарын арттыруға септігі көп. Бұл – облыстық ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған 9 тың жобаның бірі. Соя – қай жағынан да тиімді дақыл. Біздің өңірге жерсініп, одан мол өнім алуға болады. Қазір қалдықсыз өнімге көңіл бөлінуде. Одан қажетті өнім алудан бөлек, малға азықтық жем дайындауға да болады, – деді Бидайкөл шаруа қожалығының төрағасы Т.Байдалиев.
Аталған шаруа қожалықта ағымдағы жылы 150 гектарға соя (Сербия елінің «ирина» сорты) егу жоспарланған. Былтырғы жылы сояны 70 гектарға егіп, әр гектарынан 15 центнерден өнім алып, тәжірибе жинақтаған.
Талғат Байдалиев басшылық ететін шаруа қожалықтың тағы бір жаңалығы – Түркиядан 6 млн 500 мыңға «Шизль» соқасын алдырған. «Біздің аудан жеті ауданның ішінде ең алғаш аталған соқаны қолданысқа енгізіп отыр. Қазірдің өзінде егістік ішінде қарбалас тірішілік» дейді төраға.
Ш.Тілеубаев