Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы төніп тұр

Су тапшылығы төніп тұр


Сырдың суы сирағымыздан келмей тұр. Иә, биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының болжамы тура келіп, жаз шықпай аймақта су тапшылығы сезіліп жатыр. Әбүйір болғанда аудан шаруалары сала мамандарының кеңесіне құлақ асып, суды көп қажет ететін дақылдардың санын қысқартты. Соның нәтижесінде Шиелі диқандары биыл сыр салысын екі мың гектарға азайтып 11500 га жерге дән себуді жоспарлап отыр. Сырдарияның суының бұлайша күрт төмендеуін мамандар «Әр 7 жыл сайын облыста су тапшылығы сезіледі. Биылғы жыл сол су тапшылығы байқалатын 7-ші жылға сәйкес келіп тұр» деп түсіндіргенін білеміз. Ал Қаратаудағы өзен, бұлақтардың көктем басталмай жатып арналары құрғап, бұлақтардан су ақпауының себебін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Қалай болғанда да биылғы көктем шаруаға қолайсыз басталды. Бұл қуаңшылықтың белгісі ме?
Өткен айда облысы әкімінің орынбасары Б.Жаханов ағымдағы жылы өңірде су тапшылығы болатынын ескертіп, жауапты сала мамандарына аудандарда суды көп қажет ететін дақылдардың санын қысқартуды тапсырған болатын. Соған сәйкес, облыста 2021 жылға жоспарланған егістікті сумен қамтамасыз ету мақсатында, белгіленген егіс көлемінің бекітілген кестеге сай су алу режимін сақталуын бақылайтын мониторингтік топ құрылды. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қ.Сәрсенбаев төрағалық ететін жұмыс тобы күні кеше ауданға іс-сапармен ат басын бұрды. Құрамында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының су ресурстары бөлімінің басшысы – Қайрат Жансұлтанұлы, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары – Ж.Ерназаров, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бессейндік инспекциясының су ресурстарын реттеу бөлімінің басшысы – С.Әбуов бар мониторинг топ аудандағы Жаңа Шиелі магистралды каналының бас сағасында болып, биылғы жылы егіс көлемі мен су жеткізу туралы сала мамандарының басын қосып, шаруашылық басшыларымен кездесті.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов меймандарға өңір ауыл шаруашылығының жәй-күйін таныстырып, толық мәлімет берді. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков аудан көлемінде осы уақытқа дейін 2777 гектар жерге күріш дәні себілгенін, оның ішінде 2252 гектары суға бастырылғаны айтты. Егіс егу бойынша шаруашылықтар ротация тәртібінің бақылауда екендігін жеткізді. Ал «Шиелісушар» өндірістік учаске басшысы Дихан Әубәкіров егістікке су жеткізіп беру барысы жайлы баяндама жасады.
– Қазіргі күнге дейін су шаруашылығымен 89 шаруа қожалық келісім шартқа отырды. Су тапшылығының алдын алу мақсатында біз шаруаларға биік жерге егін екпеу, ауданға бөлінген 538,70 мың текше метр суды тиімді пайдалануды ескертіп жатырмыз. Алқаптарға су жеткізіп беру қызметін жақсарту және тиісті жерге ысырапсыз су жеткізу мақсатында О-2, Р-10, Р-8, Р-12 шаруашылық каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілді – деді Дихан Әубәкіров.
Осыдан кейін облыстан келген жұмысшы топ Жаңа Шиелі магистралды каналы мен «Қамысты Қақ» каналдарындағы судың көлемін өлшеді. Су өлшеу барысында ауданға жоспарлы су беріліп жатқандығы анықталды.

Елдос Жүсіп
05 мамыр 2021 ж. 625 0