Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы – шаруаға қолбайлау

Су тапшылығы – шаруаға қолбайлау


Ауданда сенбі күні әкімдік қызметкерлері кезекті демалыс күнінен бастартып, көктемгі егін науқанына дайындықты пысықтады. Олар алдымен облыс орталығынан келген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ­Шахмардан Қойшыбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовті күтіп алып, «Қарағанды Агроинвест-Т» ЖШС берілген жер телімдеріне табан тіреді. Кейіннен «Сығанақта» орналасқан Күзенбай Шереханұлы жетекшілік жасайтын «Дидар» ЖК мал шаруашылығында болып, ондағы шаруалардың жұмысымен танысты.
Кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алып, ет бағытындағы мүйізді ірі қара мал басын көбейтуге кіріскен. Сонымен қатар жергілікті малдың тұқымын асылдандыру арқылы өнімділікті арттырып, еттің құнын арзандатуға үлес қосуда. Мұнымен қоймай жайылымға күннен қуат алатын күн батареясын орнатып, шаруашылығын электр қуатымен қамтуды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі мен сала мамандары оған сәттілік тілеп, жұмысына жоғары баға берді.
Сондай-ақ, аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық төрағаларының қатысуымен көктемгі егінге дайындық барысы туралы кеңейтілген жиналыс өтті. Жиын­да Қамбарбек Амангелдіұлы: «Ауданда былтырғы жылы 31 млрд 533 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өнімділік 102,7 процентке артып отыр. Ал биылғы жылдың қаңтар айының өзінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 829 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 102,8 процентке артты. Ауданда ет өндіруі 104,3 процентке, сүт өнімдері 100,7 процентке, жұмыртқа 166,3 процентке артып отыр» деп, Шиелінің ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктерін баян етті. Жиналыста облыс үшін өзекті болып отырған су тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Себебі мамандардың жүргізген зерттеуі бойынша әр 7 жыл сайын облыс­та су тапшылығы сезіледі екен. Биылғы жыл сол су тапшылығы байқалатын 7-ші жылға сәйкес келіп тұрған көрінеді. Облыстағы негізгі дақыл күріш болуы да су тапшылығы мәселесін өзекті етіп тұр. Себебі күріш дақылы суды көп қажет етеді. Мәселені шешу үшін күріш егілетін аумақты қысқартып, орнына басқа дақылдар мен жемістер еккен дұрыс. Бұл мақсатта өткен жылы Шиеліде 10 мың гектар жерге жоңышқа дақылы «жаңбырлатып суғару» әдісі арқылы егілген. Ал биыл 9 гектар аумаққа басқа дақылдар егу көзделуде. Дегенмен шаруалар да ерте қамданып, қанша гектар жерге егін егетіндіктерін нақты айту керек. Жоспарланған жерден артық егін егіп, су тапшылығыннан қиындық көрмеу маңызды.
Сондай-ақ су көтерілуіне қиындық тудыратын жерлердің мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы мақсатта ауданға биыл 6 су айдайтын сорғы жеткізілмек. Атап айтсақ, Керделі ауылдық округіне 2 дана, Тартоғайға 1 дана, Ақмаяға 2 дана, Талаптан ауылдық округіне 1 дана су сорғыш қондырғысын орнату жоспарланған.
Су тапшылығына себеп болуы мүмкін тағы бір мәселе – өзбек ағайындардан келетін судың көлеміне қатысты. Өткен жылы Өзбекстаннан Шардараға 816 мың текше метр су жіберілсе, биыл 685 мың текше метр су жіберілуде. Ал жаз мезгілінде Қызылорданы аяқ сумен қамту үшін 7 млрд текше метр су жинау керек екен. Тиісті мамандар бұл мәселе бойынша жұмыстар атқарып, Көксарай мен Шардараға қажетті суды жинауға ниетті.
Жиында осы секілді өзекті мәселелермен қатар ірі жоба таныс­тырылды. «ECO-PRODUCT» атты стартап компанияға тиесілі жоба егін науқаны алдында дақыл дәндерін өңдеу арқылы оның өнімділігін 20-25 процентке арттыруға мүмкіндік береді. Стартап шаруа қожалығы төрағаларының қолдауын тапса, ауданда да іске асыруға болады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
15 наурыз 2021 ж. 567 0