Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі өнімді, өндірісі өтімді – шиелі

Еңбегі өнімді, өндірісі өтімді – шиелі


бейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауданға алғашқы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аудандағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, бірнеше елді мекен тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ құрылысы аяқталған әлеуметтік нысандардың лентасын қиды.

Аймақ басшысы әуелі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан 1,8 км қашықтықта, Сұлутөбе және Бірқазан елді мекендері арасында орналасқан қуаттылығы 50 МВт болатын «Байқоңыр» күн электр станциясының құрылыс барысымен танысты. Күннен қуат алу арқылы энергияны алмастыруға мүмкіндік беретін бұл нысанның құрылысы мамыр айында басталған. Бүгінде мұнда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Нысанның жалпы ауданы 150 гектарды құрайды. «Станция Күніне 50 мВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар іске қосылған соң көрші аудандар мен Қызылорда қаласын электр қуатымен қамтамасыз ете алатын болады. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауадағы көмірқышқыл газының жылдық шығарылуын 75 мың тоннаға азайтып, шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді», – дейді «Байқоңыр Солар» ЖШС-нің директоры Евгений Гладьев. Жобалық құны 23 млрд теңгені құрайтын нысан іске қосылған соң 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Облыс басшысы жобаның сәтті аяқталуына тілектестігін білдіріп, қандай да бір көмек қажет болса қолдауға дайын екенін жеткізді.
Жалпы ауданда бұған дейін «Жасыл экономикаға» бағытталған бірнеше күн электр станциялары жұмысын бастаған. Мәселен, «Уран энерго», «Семізбай-U», «РУ-6» мекемелері мен «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның газ құюға арналған 9 бекеті және №181 мектеп пен 100-ден аса шаруа қожалығы күн қуатын пайдалана оты­рып, электр энергиясын өндіруде.
Облыс әкімі жол-жөнекей 1-Май елді мекеніне тоқтап, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Ауыл ардагерлері аймақтың жаңа басшысына жұмысының табысты болуын тіледі. Ақсақал Перузхан Әлібаев:
– Қазір бұрынғыға қарағанда шүкір, халықтың тұрмысы түзелді. Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Алайда, бұл ешқандай мәселе жоқ деген сөз емес. Бұрындары 1-Май ауылы қаракөл тұқымды қой өсіретін бірден-бір елді мекен болған. Қазір малдың бұл түрі облыс бойынша азайып кетті. Заманға қарай тұрғындардың да кәсібі өзге бағытқа қарай ауыс­т­ы. Көбіміз егін егіп, Жер-Анадан несібемізді теріп жегіміз келеді. Алайда, ерте көктемде егістік алқабын жыртатын техника табу оңай болмай тұр. Өзіңіз себепші болып осы мәселені шешіп берсеңіз. Мүмкін облыстағы ірі кәсіпкерлерге айтарсыз. Егер қажетімізді жасап берсе, еңбегінің ақысын береміз ғой, – деген ұсыныс жеткізді.
Ардагердің сөзін мұқият тыңдаған аймақ басшысы қаржысы бар кәсіпкерлерді осы іске тартып, ауыл щаруашылығы техникасын незинг арқылы алса, бірнеше жылға бөліп төлеуге алу тиімді болатынын, алдағы уақытта мәселенің шешімін табуға жұмыс істейтінін айтты. Содан соң ақсақалдардың ақ батасын алып, Тартоғай ауылына қарай жолға шықты. Мұндағы мақсат – ауыл ішінен ашылған науб­айхана мен жаңадан салынған мәдениет үйінің жұмысымен танысу. Н.Серікбайдың шағын наубайханасында 5 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Онда күніне 700 данадан аса нан, тәтті тоқаш пен шелпек пісіріледі. Кәсіпкер өз жұмысын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2,3 млн, өңірлік инвестиция орталығынан 3 млн теңге несие алып бастаған. Алдағы уақытта өнім көлемі мен ғимарат аумағын үлкейткісі келеді.
Мұнан соң аймақ басшысы ауыл шетіндегі құны 218,4 млн теңгеге соғылған мәдениет үйіне келді. 150 орындық екі қабатты ғимаратта көрермен залы, асхана, гардероб, кино аппараты, әрлеу, меңгеруші және музыкалық жетекшіге арналған және әртістер демалатын бөлмелер, кітапхана орналасқан. Клуб үйінде ән, би, сурет, тоғызқұмалақ және шахмат үйірмелері өтеді. Облыс басшысы жаңадан ашылғалы тұрған мәдениет үйіне сыйлық ретінде теледидар табыстады.
Мұнан соң аймақ басшысы бастаған көш Бала би ауылына табан тіреді. Ауылдағы мектепке барып, аудандағы білім бөлім саласының жұмысымен танысты. Ауыл халқымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Айта кетейік, Бала би елді мекені ауданда алғашқы болып латын қарпімен жазуды бастап кетті. Мұндағы мектеп ішіндегі тақтайшалар мен көшедегі аялдамалар латын қарпінде жазылған.
Келесі кезек – Бәйгеқұм ауылы. Мұндағы мәдениет үйнің ішінде тұрғындарға қолайлы болу үшін бірнеше әлеуметтік нысан жұмыс істеп тұр. Ауыл халқы кентке қарай сабылмай-ақ көп мәселесін ауыл ішінде шешуге мүмкіндік алған. Бұл үшін тұрғындар дән риза. Конференция залында қызмет көрсету жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы әңгіме өрбіді. Елді мекен тұрғындары жаңадан келген аймақ басшысына алғыстарын айтып, толағай табыс тілеп тарқасты. Қ.Ысқақов бастаған топ одан әрі Жөлек ауылындағы жаңадан ашылған дәрігерлік-амбулаторияға қарай жол жүрді. Ауыл халқы түгелдей дерлік жиналыпты. Құны 169,3 млн теңге тұратын ғимаратта 15 бөлме бар. Медициналық орталықтың лентасын облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ­­ қиды. Ақ жаулықты аналар тәттіден шашу шашып, мәз-мейрам болысты. Содан соң ғимараттың ішін аралап, мұндағы қызметкерлерді халықтың салауатты өмірі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

Облыс басшысының ауданға сапары Алғабас ауылында жалғасты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген спорт кешені өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ауыл балаларына жаңа мүмкіндік сыйлаған спорт нысанының аз уақытта жеткен жетістігі де мол. Мұнда шағын футбол, воллейбол, күрес, бокс және жаттығу залдары жұмыс істейді. Қуанышбек Ысқақов ауыл ардагерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы әңгімеледі. Ақсақалдар аймақ басшысына ақ батасын берді.
Келесі аялдама кенттегі құбыр зауыты болды. Жылына 1 млн 600 мың құбыр өндіретін кәсіпорын 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Зауытта 104 адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнынан шыққан облыс басшысы Ы.Жақаев ауылына қарай атбасын бұрды. Алдымен даңқты диқанның ескерткішіне барып, құран бағыштады. Содан соң ауыл клубына кіріп, ақсақалдарымен жүздесті.
Мұнан соң облыс әкімі кенттегі «Думан» сауықтыру кешеніне келді. Ғимарат алдынан ауданның бір топ ардагерлері күтіп алып, ыстық ықыластарын білдірді. Бұған дейінгі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың еселі еңбек етіп, халықтың батасын алған азамат екенін айтқан ақсақалдар Қуанышбек Ысқақовқа да дәл сол кісідей абыройлы болуына тілекші екендерін айтты. Аймақ басшысы бастаған топ ғимараттың ішін аралап, жұмысымен танысты. Мұнда қазіргі уақытта 50 зейнеткер, 33 мүмкіндігі шектеулі бала ем алуда.
Олар таңертеңнен келіп қалауларынша жаттығу залына кіріп, кітап оқып, тоқыма тоқып, ұршық иіріп, ем алып, әңгімелеседі. Мұнда арнайы терапевт дәрігері де бар. Емдік бассейн мен өзге де ем-шара бөлмелері үздіксіз тегін қызмет көрсетуге дайын. Қым-қуыт тіршіліктен бір сәт алшақтап, замандастарымен қызықты уақыт өткізумен қатар денсаулығын жақсартуға да мүмкіндік беретін осы орталық үшін зейнеткерлер риза.
Түс ауа облыс әкімі Бидайкөлге қарай бет бұрды. Мұндағы «Бастау» бассейнінің жанында ауыл тұрғындары күтіп тұр екен. Ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімеден соң аймақ басшысы ауыл әкіміне жұмыссыздық көрсеткішін азайтуды тапсырды. Сондай-ақ жобалық құны 180 млн теңгені құрайтын «Бастау» бассейнімен танысты.
Ауылдан шыққан соң «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға қарасты №6 кен басқармасының жұмысымен танысып, алдағы жоспарлары жайлы баяндалды. Мұнда жылына 700 тонна уран өндіріліп келеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 280 мыңды құрап отыр.
Келесі нысан – «Әшірбеков» шаруа қожалығының күріш ақтау зауыты. 4 гектар аумаққа орналасқан зауыт тәулігіне 86 тонна күрішті ақтауға және 28 тонна күріш жармасын шығаруға қауқарлы. Нысанның жұмысымен танысқан аймақ басшысы шаруашылық төрағасына сәттілік тілеп, «Гежуба-Шиелі Цемент» зауытына қарай жол жүрді. Аймақ басшысына зауыт алдындағы шатыр астында кәсіпорынның макеті таныстырылды. Жылына 1 млн тонна цемент өндіретін зауыт сыртқы нарыққа өнімнің 30 пайызын шығарса, қалғаны елдің түпкір-түпкіріне жеткізіледі.
Одан соң облыс әкімі бастаған топ «Аруана» шұбат өндіру цехына аялдады. Мұнда күніне 400 литр шұбат өндірумен қатар сүт, айран, құрт, балмұздақ, қымыз секілді өзге де сүт өнімдері сұранысқа сай сапалы өндіріледі. Жергілікті өнім бүгінде аудан дүкендерінің сөрелеріне орналастырылған. Одан бөлек көрші аудандар мен Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тасымалданады.
Аймақ басшысы аялдайтын ендігі кезек – Керделі ауылдық округі. Мұнда да су жаңа дәрігерлік амбулаторияның лентасы қиылмақ. Салтанатты шарада облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның лентасын қиды.
Облыс басшысының өңірге жасалған жұмыс сапары «Асылхан» шаруа қожалығында аяқталды. Тәулігіне 1 тонна сүт өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысқан Қ.Ысқақов шаруа қожалықтың басшысына өндірісті бұдан да әрі үлкейтуге ұсыныс білдірді.
Бір күн бойы аудандағы бірқатар елді мекенді аралап, ондағы әлеуметтік сала мен шағын кәсіпкерлік нысандарының қызметімен танысқан аймақ басшысы ең алдымен ауыл халқының жұмыссыз отырғаны жарамайтындығын, жұмыссыздар көрсеткішін жою керектігін нықтап айтты.

Гүлхан ЯХИЯ
03 тамыз 2019 ж. 1 123 0