Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада экспортқа өнім шығаратын цемент зауыты іске қосылмақ

Қызылордада экспортқа өнім шығаратын цемент зауыты іске қосылмақ

Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы жатқан цемент зауыты жыл соңына қарай іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 662 адам еңбек етіп жүр. Қазірге дейін мұнда жұмыстың 90% аяқталған. Өндіріс орны 2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп межеленген. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында зауыттың құрылыс жұмыстарымен танысып, Қытай Халық Республикасынан білім алып келген 17 жас маманмен кездесті. Естеріңізге салайық, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту үшін «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы аудандағы индустриалды колледждің түлектерін 46 адамды білім алуға әрі зауытта жұмыс істеуге даярлықтан өтуге жіберген болатын. Аймақ басшысы оқуын тәмамдап келген алғашқы 17 түлекпен кездесті. Қазіргі таңда екінші топпен оқитын 80 студент іріктеліп алынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде зауытқа электр желісімен жабдықтау және теміржол салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен өнеркәсіптік аймаққа газ құбырын салу үшін қаражат бөлінді. Естеріңізге салайық, Шиелідегі цемент өндіретін зауыттың жобалық қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. Жоба аясында 50 гектар жер телімі бөлінді. Оның 46 гектары нақты зауыт құрылысы үшін пайдаланылады. Ал қалған аумағында қызметкерлерге арналған әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын өнімдері Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД және ҚХР елдеріне жеткізіледі. Жобаны іске асыру үшін «DANAKE Корпорациясы» ЖШС және қытайлық компания «Gezhouba Group Cement Co. Ltd» аясында «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. Зауыт толық іске қосылған кезде өнеркәсіпте 220 тұрақты жұмыс орны құрылады.
inform.kz
21 қыркүйек 2018 ж. 1 952 0