МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАҒЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Өткен аптада Шиелі ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Кесебаева Балайым Туғанбайқызы жұмыс сапарымен келіп, Қарғалы елді мекені мен Тартоғай, Сұлутөбе ауылдық округі тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады.
Балайым Туғанбайқызы алдымен Қарғалы елді мекеніне ат басын бұрып, Сырдария өзенінің үстінен автокөліктер өтетін көпір құрылысын салу жобасымен танысты. Сондай-ақ, көпір құрылысы аяқталғаннан кейін іске асырылатын елді мекеннің даму жоспарына да қанық болды.
Балайым Туғанбайқызы алдымен Қарғалы елді мекеніне ат басын бұрып, Сырдария өзенінің үстінен автокөліктер өтетін көпір құрылысын салу жобасымен танысты. Сондай-ақ, көпір құрылысы аяқталғаннан кейін іске асырылатын елді мекеннің даму жоспарына да қанық болды.
Мәжіліс депутаты жалғыз жүрмеуді ұйғарып, өз жанына аудан әкімі Мақұлбеков Нариман Әскербекұлын, аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбековті, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздықты және мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаровты қоса ертті.
Ауылдық ескі мәдениет үйіне топтасқан ағайын атқамінерді жылы қарсы алып, артынша ауылдың негізгі мәселелерін де жіпке тізгендей етіп айтып берді. Ескі деп астын сызып кетуіміздің де мәні бар, себебі ауыл тұрғындарының бір өтініші жаңа мәдениет үйін салып беру мәселесі болды. Ал ауыл ақсақалдарының көтерген мәселелерінің қатарында жайылымдық жер, аяқ су мәселесі, көгілдір отын секілді ұсыныстар бар. Мәселен, олардың айтуынша жайылымдық жерлердің көпшілігі жекенің қолына өтіп кету қауіпі бар көрінеді. Сонымен бірге ауылға келетін аяқ судың мөлшері төмендеуі себебінен маңайдағы көлдердің 80 проценті кеуіп кеткен. Осы мәселені шешу мақсатында су сорғысын орнату қажеттілігі туындап отыр. Елді мекен орталықтан шалғай орналасқандықтан қатты отынды жеткізу де айтарлықтай қиындықтар туындатады. Сол себепті ауыл тұрғындары көгілдір отынның жеткізілуін асыға күтуде.
Депутаттың келесі сапары Сұлутөбе ауылдық округінде жалғасты. Кездесуде ауыл тұрғындары ұзындығы 13 км болатын жаңадан канал қазу бойынша ауылға аяқ су жеткізу мәселесін көтерді. Сонымен қатар елді мекенге жаңадан спорт кешенін салу, табиғи көгілдір отын (газ) кіргізу және жайылымдық жер мәселелерін айтты. Ақсақалдар болса, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне тоқталып, кәсіпкерлікті қолдауға арналған несиелердің санын арттырып, алу жолын жеңілдетуді ұсынды. Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарына жер мәселелері, суды үнемдеу, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру жұмыстары, жерді тегістеуге қаржы бөлу, шаруашылыққа қажетті тыңайтқыш өнімдеріне тұрақты қолжетімділік бойынша талқылау жұмыстарын жүргізіп, ауылдың мәселелері бойынша өзінің қатаң бақылауына алатынын жеткізді.
Ал Шиелі ауданына жасалған бұл жолғы сапарын мәжіліс депутаты Тартоғай ауылдық округінде түйіндеді. Кездесуде ауыл тұрғындары №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейін күрделі жөндеуден өткізу, мемлекеттік «Құлагер» бөбекжай бақшасына қосымша қаржы бөлу және көше жөндеу, жер мәселелерін айтты. Сондай-ақ, ауылдың аудан орталығынан шалғай орналасуына байланысты қатты отын құнының тым қымбат екендігін, яғни жеткізудің өзіне 30 мың теңге кететінін тілге тиек етіп, газдандыру жұмыстарын жеделдетуді өтінді.
Мәжіліс депутаты болса, барлық ауыл тұрғындарының мәселелерін мұқият тыңдап, билік басындағыларға жеткізуге уәде етті. Сонымен бірге ең басты құндылығымыз мемлекеттік тұрақтылықты сақтап қалу үшін бір жұдырықтай жұмыла әрекет етуге шақырды.
Р.БЕКТҰРҒАНҰЛЫ