ӨНЕР – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, МӘДЕНИЕТ – МӘҢГІЛІК МҰРАСЫ

Шиелі өңірі – өнердің қарашаңырағы, рухтың ұясы. Бұл қасиетті мекеннен қазақ өнерінің асыл тұлғалары Иманжүсіп, Бұдабай, Мәнсүр мен Нартай, Әбіләш Әбуов, Әуелбек Қоңыратбаев тәрізді дарабоздар шыққан. Олардың рухани жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ – Әлмырза Ноғайбаев, Кенжебай Жүсіп, Бөрібай Қоңқабаев, Төлепберген Рыскелдиевтер аудан мәдениетін өркендетуде. Сәрсенбі күні мерекеге орай Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қатысуымен «Өнер – қайталанбас қолтаңба» атты салтанатты шара өтті. Жиында аудан әкімі сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. – Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Әр халық – өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Содан болса керек, елдің өнер көшін алға ілгерілетудеұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мәдениет майталмандарының қоғамдағы алар орны ерекше. Киелі Шиелі өңірі мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген өлке. Шиелі топырағында дүниеге келіп, республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген таланттарымыздың өрісі кеңейіп, туған жердің абыройын асқақтатып жүр. Бұл осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің ерен еңбегі десек артық айтқанымыз емес. Осы орайда, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектерің ерен. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, аудан мәдениеті мен өнерін одан әрі өрістету, ұлттық мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!, – деді А.Насриддинұлы. Салтанатты жиында аудан басшысы сала үздіктеріне мәдениет саласына сіңірген еңбектері үшіноблыс және аудан әкімі алғыс хаттары мен құрмет грамотасын табыстап, олардың шеберлігі мен еңбегін жоғары бағалады.Сондай-ақ, мерекелік шара барысында өмірін тұтастай өнерге арнап, аудан мәдениеті мен өнерін дамуда өлшеусіз үлес қосып кеткен жандардың артында қалған туыстарына арнайы сый-құрмет көрсетілді. Аудан өнерпаздары бақиға аттанған әріптестерін еске алып, олардың еткен еңбектері мәңгі елдің жадында сақталатынын әнмен жеткізді. Айта кетейік, бүгінде ауданда 60 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатарында 1 аудандық мәдени-шығармашылық орталығы, 1 кенттік мәдениет үйі, 11 ауылдық мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 1 Нартай өнер үйі және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 32 кітапхана бар. Бұл – аудандағы мәдениет саласының әлеуетін және осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби шеберлігінің нақты жемісі. Ұлы дәстүр мен мәдени мұраның қайнар бұлағы – әр өнер майталманы. Солардың еңбегі мен таланты арқасында төл өнеріміз биік шыңдарға жетіп, әлемге танылып келеді. Барша өнер иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс пен рухани кемелдік тілейміз. Төл өнеріміз төрден түспесін, ұлттық мәдениетіміз мәңгі гүлдене берсін!
М.ҚАЙРАТҰЛЫ