Көпбалалы аналар алқа тақты
Дара туған данышпан, ел қорғайтын батыр, бір сөзбен айтқанда, елге пайдасы тиер перзент анадан туады. Сол себептен, аналарға деген құрмет қашан да ерек. Әсіресе, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасылаларды қолдау үздіксіз көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ардақты аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі ауданда жалғасын тапты. Жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков батыр аналарға құрмет көрсетіп, алтын, күміс алқа табыс етті.
– Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын өсіріп, тәрбиелеу – сіз бен бізге жүктелген міндет. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер тілеймін, – деді аудан басшысы.
– Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын өсіріп, тәрбиелеу – сіз бен бізге жүктелген міндет. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ жиында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйлә Палымбетова: «Кезінде ата-бабаларымыз елді, жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен жан беріп қорғады. Оның ішінде ер азаматтармен қатар, жаугершілік заманда қолына найза алып, атқа қонған әйелдер де бар. Атап айтсақ, Бопай ханым, Тұмар ханымдарының есімі тарихта мәңгі қалды. Одан бергі кешегі Ұлы Отан соғысында талай жаудың меселін қайтарған Әлия, Мәншүктер ерлікпен қаза тапты. Олар бізге ұлан байтақ жерді аманат етіп қалдырды. Осы жерге иелік ететін, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеуде аналардың рөлі зор. Әрбір отбасындағы береке, бірлік, татулық анадан бастау алады. Ал әр шаңырақта береке болатын болса, елде тыныштық орнайтыны анық. Негізінен қазақ халқы көпбалалы отбасын айрықша құрметтеген. Өйткені әр бала жарық дүниеге өз несібесімен келеді. Ардақты аналар, мемлекеттің даму жолында, ертеңгі намысты ұл мен қызды тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз мол» – деді күлімдеп.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. Көпбалаллы ана, алтын алқа иегері Арайлым Іргебаева: «Мемлекет басшысының аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды» – деп алғаусыз ақ ниетін білдірді.
Сонымен бірге басқосуда күміс алқалы ана да сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жаудырды.
– Түз бен үйдің тірлігін қатар ұштастыра білген аналар қашанда ардақты. Ал көпбалалы үлкен саялы бәйтерекке айналу, елдің демографиясына үлес қосу үлкен іс. Қазақта «әр баланың өз несібесі бар» деген сөз бар. Сондықтан баланы мейірімге бөлеп, оны жақсы азамат етіп өсіру біздің ата-ана міндетіміз деп білемін, – деді Нұржанат Сәулебекова.
Мұнан соң аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов сөз алып, ақ жаулықты асыл аналарға ыстық ықыласын білдіріп, алтын, күміс алқа иегерлерін құттықтады. Шара соңында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, керемет көңіл-күй сыйлады.
Айнұр ИБРАШ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ