Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАҚТЫ АНАЛАР АЛҚА ТАҚТЫ

АРДАҚТЫ АНАЛАР АЛҚА ТАҚТЫ

Дүйсенбі күні «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалында аудан әкімі Нұржан Ахатов алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетіп, марапаттады.
Бүгінгі таңда ауданда «Алтын алқа» иелері – 955 болса, «Күміс алқа» тағынған 1528 ана бар.
– Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған сіздер, ­аяулы аналар. Сіздер табиғат сыйлаған табандылық пен іскерліктің, шыдамдылық пен қажырлы қайраттың арқасында әр салада қызмет етіп, тек қана ұл-қыздарыңызға ғана емес, жан-жаққа үлгі болып жүрсіздер! Сондықтан алдағы уақытта сол еңбектеріңіздің жемісін көріп, балаларыңыздың қуанышына тоймай жүре беріңіздер, – деп сый-сияпатын табыс етті.
Алтын мен күміс алқа таққан аналардың қуанышында шек болмады. 7 баланың анасы, алтын алқа иегері Мария ­Хотжабаева: «Аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер мен берілген марапат бізді қанаттандыра түсті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, әр ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрға толды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз ел азаматтарының арқасында деп білеміз», – деп алғаусыз ақ тілеген жеткізді.
Иә, еселі еңбек елеусіз, ескерусіз қалмайды. Сәйкесінше лайықты құрмет көрсетіледі. Алқа таққан ардақты аналар өмірдің қиындықтарына сынбай, қарапайымдығынан айнымай, ғұмырын ізгілікке арнаған жандар. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнап, мәңгілік елдің ұрпақғын тәрбиелеп, атсалысып келе жатқан аналарды қалай құрметтесек те жарасады.

Ш.ТІЛЕУБАЕВ
11 қазан 2022 ж. 389 0