Алтыннан алқа тағынды күмістей көркем аналар
Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. Ана - барлық өмірдің бастауы. Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімдігінде көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Демографияның өсім алуына осы жандардың қосар үлесі мол. Тағылымы мол шараны аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров жүргізіп, алтын құрсақты аналарды марапаттады.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді. Асыл жандарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 20 наурыздағы №651 Жарлығына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында 2490 көпбалалы отбасы, оның ішінде Батыр ана – 157, ана даңқы 1,2 санаттағы – 225, «Алтын алқа» иелері – 697 болса, «Күміс алқа» иелері – 1411 ана тіркелген. Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, халық санын көбейтуге үлес қосқан аналарға алғыс білдірген аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров «Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болмасын құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін» – деп аналарға сый-сияпат тапсырды.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. 6 баланың анасы, күміс алқа иегері Н.Әбдиева: «Елбасының аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда» – деп, алғаусыз ақ ниетін білдірді. Одан әрі тілектің тізгінін ағытқан «Шиелі ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбет «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деп ырымдаған халықпыз. Әйелдің аялы алақаны бүкіл бір әлемді мейірімге бөлей алады. Сондықтан халық санын көбейтумен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілекшімін» – деді.
Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Шиелі ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Елге елеулі, жанашыр азаматтарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіруде аналардың орны ерек» – десе, мәслихат хатшысы Б.Сыздықов ақ жаулықты асыл аналарға ыстық көңілін білдіріп, алтын, күміс алқа иегерлерін құттықтады. Аналардың құрметіне аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ