Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын құрсақты аналар ардақталды

Алтын құрсақты аналар ардақталды

Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану – міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы – өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. 12 мамыр күні аудан әкімдігінде арнайы отбасы күні мерекесі қарсаңында көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапаттау рәсімі өтті. Тағылымы мол шараны аудан әкімі Нариман Мақұлбеков жүргізді.
Кез келген адамның әдептілігі мен жандүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған.
Қазір жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында 2448 ­Батыр ана, 950 «Алтын алқа» және 1498 «Күміс алқа» иесі бар. Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, халық санын көбейтуге үлес қосқан аналарға алғыс білдірген ­аудан әкімі Н.Мақұлбеков
– Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болсын құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, – деп аналарға сый-сияпат тапсырды.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. 7 баланың анасы, күміс алқа иегері Р.Досжанова:
– Мемлекет басшысының аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда», – деп алғаусыз ақ ниетін білдірді. Одан әрі тілектің тізгінін ағытқан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деп ырымдаған халықпыз. Әйелдің аялы алақаны бүкіл бір әлемді мейірімге бөлей алады. Сондықтан халық санын көбейтумен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілекшімін, – деді.
Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
13 мамыр 2022 ж. 891 0