Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпбалалы аналар көпке үлгі

Көпбалалы аналар көпке үлгі


Көпбалалы аналардың еңбегін бағалау және ерекше атап өту үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері деп ерекшелеп келеді. Қай кезде де көпбалалы аналарға қамқорлық көрсетіліп, қолдаулар аясы күннен күнге кеңеюде. Сондай-ақ елімізде қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар арқылы көпбалалы аналардың жағдайлары біршама жақсарып та қалғаны жасырын емес. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан бас­талады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер де алдымен анадан тарайды.
Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Дүйсенбі күні аудан әкімдігінде көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Демографияның өсім алуына осы жандардың қосар үлесі мол. Тағылымы мол шараны аудан әкімі Н.Мақұлбеков жүргізіп, алтын құрсақты аналарды марапаттады.
– Барша адам алдында бас иетін бір жан бар. Ол – ана. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Оның есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген батыр аналарымыз көбейіп келеді, – деп бастады сөзін аудан басшысы.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында 2571 батыр ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иелері – 709 болса, «Күміс алқа» иелері – 1478. Аудан әкімдігінде ұйымдастырылған шарада елдегі ахуалға байланысты аналардың жартысын ғана салтанатты түрде марапаттады. Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, халық санын көбейтуге үлес қосқан аналарға алғыс білдірген аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров «Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып жүрген қазақ әйелдері қандай да болсын құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін» – деді.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. 6 баланың анасы, күміс алқа иегері Ә.Рыспанбетова: «Мемлекеттің аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Елдің ертеңін ойлайтын, ұлтжанды, білімді ұрпақты дүниеге әкеліп, халық санын көбейтуге күш саламыз» – деп, алғаусыз ақ ниетін білдірді. Одан әрі тілектің тізгінін ағытқан П.Маханбет «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деп ырымдаған халықпыз. Әйелдің аялы алақаны бүкіл бір әлемді мейірімге бөлей алады. Сондықтан халық санын көбейтумен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілекшімін» – деп, ақ жаулықты асыл аналарға ыстық көңілін білдіріп, алтын, күміс алқа иегерлерін құттықтады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
03 тамыз 2021 ж. 626 0